ҚазҰУ «Баспа күнін» атап өтті

2-жел-09

Көрулер: 3172

25 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті тұңғыш рет «Баспа күнін» атап өтті.

Бұл кәсіби мереке кафедрадағы жаңа жобаға бастама болды. Енді әр апта сайын факультетте «Баспа күні» өткізілетін болады.

Қазақстан баспаларының күнін жүйелі түрде өткізу оқу орны мен өндіріс орындарының байланысын нығайту, оқу үрдісіндегі теориялық-танымды тәжірибені ұштастыруды жаңа сапаға көтеруге бағытталған. Сондай-ақ бұл бастама факультетте баспагер-ұстаз институтын қалыптастыруға өз септігін тигізеді деп күтілуде.

Аталған шара жақында журналистика факультетінде казақстандық баспагерлер мен полиграфистер және кітап таратушылардың қатысуымен өткен «дөңгелек үстелдің» нақты нәтижесі.

Баспа ісі және редакциялау кафедрасының меңгерушісі, Сағатбек Медеубектің айтуынша, бұл шара студент пен тәжірибелі баспагер арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жақсы дәстүрге айналмақ.

Журфак «жауынгерлерінің» алғашқы бастамасын «Мектеп» баспасының ұжымы қолдады. Ең үздік техникалық редакторлар мен безеншілер шеберлік-кластарын өткізіп, баспаның жаңа өнімдерінен жасақталған кітап көрмесін ұйымдастырды.

«Баспалар күні» болашақ баспагерлерді кәсіби деңгейде дайындау саласында «Мектеп» баспасымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюмен тәмәмдалды.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі