Құрметті әріптестер, оқытушылар мен студенттер!

31.12.2014

Көрулер: 2175

Баршаңызды келе жатқан жаңа 2015 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміздің жетекші университеті – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген 2014 жыл айтулы оқиғалар мен жарқын сәттерге толы болды. Қасиетті Жылқы жылы тарихи күнтізбемізде мерейтойлық сән-салтанатымен ерекшеленгені сөзсіз. Бұл жылдың шымылдығы ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың өнегелі қала ұғымын негіз ететін «Al-farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасымен ашылды. Қаңтар айында ҚазҰУ-ға БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабын басқару сеніп тапсырылды.

Кәсіби білімі мен білігі ұжымдық мәдениетімен үндескен ұжымның биыл бағындырған белестері мен жетістіктері жоғары. ҚазҰУ жылдан-жылға әлемдік білім беру кеңістігіндегі өз мәртебесін арттырып келеді. Бүгінде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындары рейтингісінде ҚазҰУ ғана қол жеткізіп отырған жетістіктер қасиетті қара шаңырақтың отандық білім беру саласындағы бірегей орнын айқындап берді.

Мамыр айында ҚазҰУ ұжымы университеттің 80 жылдық мерейтойын дүркірете тойлады. VII Астана экономикалық форумы аясында университетте әлемнің жетекші ЖОО-ларының қатысуымен ІІІ Азия университеттерінің форумы өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әлемдік деңгейдегі шара өтті. «Тұрақты адами дамудың жаңа парадигмасы. G-Global – жаһандық диалог алаңы» халықаралық конференциясы аса ықпалды халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосты.

ҚазҰУ-ға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі жылдың басты оқиғасына айналды. Мемлекет басшысы ұжым жұмысына жоғары баға берді. Бұл біздің университетіміздің үлкен жетістігі деп есептеймін.

Күнтізбелік жыл санау бойынша келіп жеткен жаңа жыл қарсаңында өткенге көз тастап, университет ұжымы атқарған осындай ауқымды жұмысты көреміз. Ұжымның жоғары кәсіби деңгейі, ауызбірлігі мен ұйымшылдығы, аянбай еңбек етуі арқасында университет қарыштай дамып, алға жылжып келеді.

Қадірменді ҚазҰУ ұжымы! Енді қол жеткен жетіcтіктерді бекіте түсіп, ҚазҰУ-дың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында тынбай еңбек ету аса маңызды. Келер жыл бәріміз үшін жаңа жетістіктер мен сенімді жеңістер жылы болсын! Жаңа жылда баршаңыздың отбасыларыңызға амандық-саулық, мол табыс, ырыс-несібе тілеймін! Қой жылы әрбір шаңыраққа татулық-бірлігімен, бақ-берекесімен енгей!

Ғалым МҰТАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры