Студенттер жатақханасында «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында өнегелі іс-шара өтті

22.12.2014

Көрулер: 2595

ҚазҰУ мұғалімдері студенттер жатақханасында кезекшілік жасау көп жылдан бері Қара шаңырақта дәстүрге айналып келе жатқан әрбір мұғалім үшін міндетті шара болып есептеледі. Қытайтану кафедрасының мұғалімдері факультет аймағында орналасқан 14-жатақханада кезекшілік кезінде міндетті нәрсені пайдалы іс-шаралармен де ұштастырып жатады. Осындай өнегелі іс-шараның бірі ретінде 21 желтоқсан күні кафедра доценті Ф.Дәулеттің кезекшілігі кезінде «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында ұйымдастырылған «Қытай тағамдарымен таныс болайық» атты шеберлік сыныбын айтуға болады. Бұл шеберлік сыныптың басты мақсаты-студенттерді көршілес Қытай елінің тез дайындалатын тағамдарымен таныстыру әрі қытай тілін оқып жатқан бакалавриат студенттері мен магистранттарды бір-бірімен етене араласуына сеп болу.

Кеше ғана мектеп табалдырығынан үлкен өмірге самғап ұшқан 1 курс студенттері Фатима ұстаздарымен бірге таңсық тамақтар дайындап, әрі магистрант құрбыларымен жақын таныс-біліс болып қалды. Студенттер және магистранттар ұстаздарымен бірге қытай тағам мәзірінен жылдам дайындалатын «Чау мифан», «Хұңшау чиецзы», «Цу лю байцай» және «Цзюцай чау цзидан» тағамдарын дайындады. Атамыз қазақ «өле жегенше бөле же» дегендей, студенттер ұстаздарымен бірге жасаған осы дәмді тағамдарды корей және жапон тілдерін оқып жатқан өзге де құрбыларымен бөлісті. Бұл дер кезінде өткізілген пайдалы, қызықты әрі өзге ұстаздар өнеге алатындай іс-шара болды.