Сағындық Сатыбалдин «Алтын адам» сыйлығын иеленді

23.12.2014

Көрулер: 4096

Экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ҰҒА академигі Сағындық Сатыбалдин «Жыл таңдауы – Жыл адамы» халықаралық фестивалінің қорытындысы бойынша жылдың ғылыми қызметкері деп танылды. «2014 жылдың ғылыми қызметкері» номинациясындағы жеңісі үшін Сағындық Сатыбалдыұлы «Алтын адам» сыйлығымен марапатталды.


«Жыл таңдауы – Жыл адамы» фестивалі жыл сайын түрлі саладағы үздіктер есімін жариялайды. Олардың қатарында мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, ғылым және мәдениет, өнер, бизнес, медицина, спорт және тағы басқа салалардың майталмандары бар.

Сағындық Сатыбалдыұлы – есімі елімізге ғана емес, шет елдерде кеңінен танылған ірі ғалым. Ол Қазақстан экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса отырып, экономика ғылымының теориясы мен тәжірибесін байыта түсті. Бүгінде ғалымның 56 кітап пен кітапшасы, 400-ден астам мақаласы жарық көрген. Оқытушылық қызметінде 28 ғылым докторын, 67 ғылым кандидатын, 10-нан астам PhD даярлап шығарған Сағындық Сатыбалдин 15 мемлекеттің құрметті профессоры болып табылады. «Мен өмірімнің әрбір кезеңінде алдыма мақсат қойдым. Балалар үйінде өссем де, қиындыққа мойымадым. Оқи жүріп, жұмыс та істедім. Алайда басты арманым білім алу болды. Қазіргі жастарға керегі де саналы тәрбие мен сапалы білім», – дейді ол.

Айта кетерлігі, фестиваль ТМД-ның бес елін­де – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Белоруссияда өткізіледі және ха­лық­ара­лық мәртебеге ие. Сыйлықтың ие­­гер­лерін әлеуметтік сауалдамалардың кө­­ме­гі арқылы тәуелсіз сарапшылар таң­дайды.