22 қыркүйек - Қазақстан халқының Тілдер күні
Көрулер: 11496
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Тіл - достық пен татулықтың тірегі" атты тіл апталығы өтті.
Қазақстан - өзінің геосаяси орналасуы мен этникалық құрылымы жағынан ерекше көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Төзімділік пен адамгершілік, кеңпейілділік пен қонақжайлылық сынды қазақ халқының мұндай қасиеттері жүзден аса ұлт өкілдерімен тіл табысып, қызмет етуге мүмкіндік береді. Тілдер мерекесі достық пен татулық идеясын насихаттап, елжандылық пен жалпы адамилық қасиеттерге үндейді.
Мерекеге орай барлық факультетте қабырға газеттері дайындалып, тіл тақырыбында түрлі формадағы іс-шаралар өткізілді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» пікірсайыс барысында бірнеше тілді жетік меңгерген студенттер «Қазақстандағы тіл саясаты» тақырыбында сөз жарыстырмақ. Поэзияда қаламын ұштап жүрген студенттер «Ана тілі - ардың тілі» жыр сайысында тіл тақырыбына арналған туындыларымен таныстырса, «Корейский язык в плеяде языков народов Казахстана» атты дөңгелек үстелде Қазақстандағы өзге ұлт тілінің жай-күйі баяндалды.
Мерекелік апталық аясында «Менің Отаным - Қазақстан» шығарма жазу байқауы, тақырыптық ашық сабақтар, «Мемлекеттік тіл - айбыным менің» атты әдеби кеш, «Қазақ тілі - қызметтік тіл» тақырыбында дебат, «Тілге - құрмет, елге - құрмет!» атты мерекелік кеш, өзге ұлт студенттерінің арасында қазақ тілінде викторина, өлең оқу сайысы, «Қазақ тілін білу қазақстандық патриотизмнің белгісі» атты дөңгелек үстел және т.б. ұйымдастырылды.
Үздік шыққан студенттер республика көлемінде өткізілетін тіл мерекесіне орай Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы аясында өтетін «Тілдарын - 2009» олимпиадасына қатыспақ.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі