Ә.Кекілбаевтың шығармашылығына арналған алғашқы диссертация қорғалды

01.07.2009

Көрулер: 4034

15 маусымда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінде өткен Ғылыми кеңесте заманымыздың заңғар қаламгері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ә.Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар және көркемдік жинақтау» атты докторлық диссертациясы қорғалды. Диссертацияда қаламгердің жарты ғасырлық шығармашылығы түгел қамтылып, жинақталған туындылардың көркемдік сапасы мен жазушы шеберлігіне баға берілді.

Диссертация авторы Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің доценті Дүйсенбаева Жанбибі Үсенбайқызы. Бұл ғылыми еңбектің ғылыми жетекшісі болған белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы. Ресми сарапшылары - Д. Ысқақұлы, Б. Ыбырайым және Р. Тұрысбек.

Бұл заңғар қаламгер жөнінде Қазақстан бойынша тұңғыш қорғалып отырған еңбек. Диссертациялық кеңестің мүшелері жаңа ғылыми еңбекке табыс тілеп, одан әрі жалғасын табатындығына сенім артты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі