Достастық елдердің жоғары оқу орындары ТМД-ның Ашық желі университетін құруға кірісті

01.07.2009

Көрулер: 2949

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Нұрлан Темірбеков бастаған бір топ ғалымдар делегациясы ТМД-ның Ашық желі университетін құруға арналған алғашқы конференцияға қатысып, бірқатар келісім-шарттарға қол қойып қайтты.

2009 жылдың 8-12 маусымында Мәскеуде ТМД мүше-елдердің гуманитарлы ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық қорының қолдауымен «ТМД-ның Ашық желі университетін құру» тақырыбында конференция өтті. Оған Беларусия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Украинаның жетекші жоғары оқу орындары қатысты.

Конференция қонақтары студенттер мен жас ғалымдардың академиялық үлгерімдерінде туындайтын мәселелерді талқылай отырып, оқу құрылымдарында желі жүйесін құрудағы ұйымдық және қаржылық мүмкіндіктерді қарастырды.

Жобаның басты мақсаты - ТМД мүше-елдердің территориясында жоғары оқу орындарының сапасын арттыру болып табылады. Жоба екіжақты дипломды алу үшін бірлескен магистрлік бағдарламаларды ұйымдастыру және жүзеге асыру; жоғары білікті мамандарды дайындауда халықаралық қарым-қатынастарды нығайту; магистрант және докторанттармен алмасу; бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға бағытталған.

ТМД-ның Желі университетіне қазіргі заманда қажетті мамандарды дайындайтын оқу жоспары, аралық және қорытынды аттестациялауда туындайтын мәселелерді шешетін Достастық елдердің жетекші университеттері кіреді. Осы жоба бойынша студенттер Желі университетіне кіретін кез-келген мемлекеттің жоғары оқу орындарында білім алуға және университеттер арасында ауысуға мүмкіндіктері бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Н.М. Темірбеков пленарлық отырыста университетті таныстырып, «ТМД елдерінің Желі университетін құру және жұмыс істеу ұйымының әкімшілік аспектілері» атты секцияға қатысты.

Жиын барысында ТМД-ның Желі университетін құру жөніндегі бірлестіктің және осы университетке жататын мүше-елдер магистрлерді дайындайтын 5 келісімге қол қойды. Магистрлерді дайындау келесі бағыттар бойынша жүзеге асады: менеджмент - «Халықаралық жобаларды басқару» және «Халықаралық менеджмент»; экономика - «Халықаралық сауда»; «Менеджмент»; халықаралық құқық; филология - «Орыс әдебиеті және әдебиеті». ТМД-ның ірі жоғары оқу орындары Желі университетін құруда жан-жақты көмек көрсететіндігін мәлімдеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі