Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «V Қабдолов оқулары» өтті

07.12.2012

Көрулер: 2771

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының ұйымдастыруымен «V Қабдолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.


Іс-шара «Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың теориялық және методологиялық мәселелері» атты тақырыпта болды. Конференцияға М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры, филология ғылымдырының докторы Уалихан Қалижан, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұл, Сәуле Қабдолова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик, Ғ. Мұтанов, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Әбдезұлы, университет оқытушы-профессорлар құрамы мен студент, магистранттар қатысты. ҚазҰУ ректоры әрі модератор Ғ. Мұтанов бұл конфренцияның жастарға берері мол, білім, ғылым саласындағы ғалым, ұстаздармен кездесу мүмкіндігі мен нағыз тұлғатанудағы игі бастама екенін айта кетті.

Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Көптеген естеліктерді оқып отырсаң, не өзі, не шығармасы мықты деп жатады. Естелік адал болуы керек. Досың туралы жазғанда, ақиқат, шындықты жазу керек. Зейнолланың қайтыс болғанына 6 жыл болды, менен үш жас кіші болатын. Менде достар көп болды, бірақ, адамға ең қиын нәрсе қатар өмір сұрген, қиындықта да, қасіретте де, қуанышта да өзің жалғыз қалған қиын. Адам бақытты болуы үшін жүз жасау емес, өмір маңызды, мағыналы, сәнді де мәнді болуы үшін достарымен болуы керек. Зейнолламен ес білгелі дос едік. Оның бойында жыраулар, ақындар шығармаларын жатқа айтатын ерекше қасиеті бар еді. Ол өмірінің соңына дейін ҚазҰУ-да сабақ берді. Зейнолла – эстет болатын», - деді өз сөзінде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Өнегелі өмір» сериясының бұл саны Зейнолла Қабдоловқа арналып шығарылды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі