ҚазҰУ-да Президент күніне орай форум өтті

21.11.2012

Көрулер: 2360

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2000-нан аса студенттің қатысуымен «Жастар Президентпен бірге жарқын келешекке!» атты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күніне арналған форум өтті.


Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде сөйлеген сөзінде еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы және Отанымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайту ісіне жастарды тартудың маңызы мен қажеттілігі туралы атап айтқаны белігілі.

Жастардың азаматтық, отансүйгішітік әлеуетін арттыру мен олардың тың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласы Әкімдігінің қолдауымен форум өткізіп отыр.

Алғашқы ашылу сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Бүгінгі форум тәуелсіздігіміздің тұғырын көтереді. Бұл тек ұлттық мереке емес, тәуелсіздігіміздің символы. «Түзу басшы ұзақ жолды қысқартады» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, Елбасы 20 жылда көп еңбек етуде. Ел ертеңі жастар жарқын болашаққа батыл қадамдар жасайды деп сенемін, ертеңгі Қазақстан сіздерге байланысты. Елбасымен бірге жаңа биіктерге» , - дейді өз сөзінде. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімдігі, аудан әкімдері қатысты. Форумға қатысушы халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс студенті Нұрсұлтан Орынбеков «Бұл форум Елбасының көреген саясатын насихаттау, жастар арасында талқылау. Елбасына деген сенімімізді білдіру. ҚазҰУ-дың Студенттер сарайында Алматы қаласы жастарының басын қосып отырмыз. Өз ойым, ел ертеңін қалыптастыру үшін, біз білімді де білікті маман атанып, мақтантұтарлық тұлға болуымыз керек», - дейді. Форум жұмысына республикалық және Алматы қалалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, халықаралық және республикалық байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары, президенттік және атаулы шәкіртақы иегерлері, түрлі салаларда табыстарға жеткен талантты жастардың өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Форумға қатысушылар атынан Қазақстан жастарына арналған үндеу жолданды.

Форум аясында ҚазҰУ технопаркі түрлі салалардағы студенттік бизнес жобаларды дамыту мен жүзеге асыру үшін құрылған инновациялық инфрақұрылымдық алаң - университеттік студенттік бизнес-инкубатордың тұсаукесерін өткізді.

Сонымен қатар, форумға қатысушылар ҚазҰУ студенттерінен құралған вокалдық топтың, Біржан Хасанғалиевтің, эстрада әншісі Бүркіт пен Айшаның арнайы орындаған әсем әндерінің тыңдарманы болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі