Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған

14.11.2012

Көрулер: 4911

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің ҚР ҰҒА академигі Мейірхан Мүбаракұлы Әбділдиннің атындағы дәріс залының ашылу салтанаты болды. Салтанатты іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, университет ұжымы, барлық факультеттерден оқытушылар, Мейірхан Мүбаракұлы туылған Павлодар облысының әкім орынбасары және көптеген қонақтар жиналды. Мейірхан Мүбәракұлының барельефі мен стендісінің лентасын жұбайы Райхан Закиқызы мен ағасы академик Жабайхан Мүбәракұлы кесті.


Сонымен қатар, 12 стипендия физика-техникалық факультетінің студенттері, магистранттары мен PhD докторанттарына тағайындалды.

Аяулы ұстаз, әйгілі ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым акедемиясының академигі 1938 жылы 16 наурызында Алтай өлкесі Троицк ауданы Загайнова селосында дүниеге келген Мейірхан Мүбаракұлы Әбділдиннің арамыздан алыстап, мәңгілік дүниеге сапар шеккеніне 1 жыл болды.

Дарынды адам жан-жақты болатыны мәлім. Мейірхан Мүбәракұлының бойынан осы қасиеттің барлығы табылатын еді, әрі физик әрі лирик, дана, ойшыл, кемеңгер ағамыз осындай кез-келген қиын-қыстау кезеңнен тура жол таба алатын адамның ақылы мен нұсқауына әр адам тәнті еді. Ойын тура және тік жеткізе білетін, орнымен әр адамды ширата және шыңдай білетін.

Ұлағатты ұстаз, зерттеуге деген құлшынысымен және де жастарға білім нәрін сусындата білген Мейірхан Мүбаракұлы артына өшпес ғылым мұрасын қалдыра білді, гравитиция мен салыстырмалық теориясын Қазақстандық мектебінің негізін қалаушы ұлы ғұлама ғалым өз ісін жалғастырушы көптеген шәкірттер дайындады.

Мейірхан Мүбаракұлы - әр саланың дарынды иесі, теориялық физика саласындағы үздік ғалым, ежелгі Шығыс пен Қазақстан тарихының эрудиті, көне және заманауи ақындардың мұраларының білгірі, қоғамның ұйытқысы еді. Мейірхан Мүбаракұлы бойына қазақ интелегенциясының ең озық дәстүрлерін жинаған азамат еді. Мақсаттылық, еңбекқорлық, ұшқырлық, қарым-қатынастағы жоғарғы мәдениеттілік пен қарапайымдылық, таңқаларлықтай сыпайылық, сонымен қатар әділеттілік және адамдарға деген қайырымдылық пен көрегенділік, орнымен әзілдей білетін қасиеттер тән еді. Кейін аспирантураны Ленинградтан оқуға жолдама алады. Университетті дарын мен қажымас қайраттың арқасында үздік тамамдап, атақты оқу ордасына жол тартуы мен сол кездегі әлемдік физика ғылымын тіреп тұрған оқымыстылардың бірі В.А.Фоктың өз жетекшілігіне алуы әркімді таңдандырмай қоймасы анық. Фоктың ұсыныс етуі де тегіннен тегін болған жоқ. Мейірхан өзінің теориялық физикадағы ғылымдық негіздерге сүйене отырып, айда магнит өрісінің болатыны туралы болжам айтты. Әрі оны академик В.Г.Фесенков жолдама беріп, «доклады АНСССР» деген журналға жіберді. Өкінішке қарай, Совет Одағы тұсындағы айға ұшырылған бақылау ракетасының айдың магнит өрісіне байланысты зерттеуі кері шешім шығарды. Алайда көп ұзамай американың айға жіберген зерттеу құралы М.М.Әбділдиннің болжамын растады. Міне осындай асқан білімділік пен көрегендік нәтижелері «Орыстың математикалық зеңбірегі» атанған Фокты да ойландырып тастаған еді.

Ол онымен тоқтап қалмай, зерделеу мен талықпай ізденудің нәтижесінде, бұл күнде Қазақстандағы теориялық физика саласында алдына жан салмайтын адамға айналды. Қоғам қайраткері ретінде де жұмыстар атқарды. ҚазҰУ-дың ректоры болды. 200-ден астам ғылыми мақалалар мен үш монографияның авторы атанды. «Эйнштейіннің гравитациялық теориясының механикасы» атты монографиясы ЖСТ-дағы қозғалыстың күрделі мәселесіне арналған Қазақстандағы бірінші кітап.

Қазақтың баласына айналып, елінің игілігі үшін қыруар еңбектер жасап, шәкірттер тәрбиелеген ғалымның аты мен артына қалдырған хатының ел есінде мәңгі сақталатынына сенеміз.

Физика-техникалық факультеті,

теориялық және ядролық физика кафедрасы