«Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламасы ашылды

09.11.2012

Көрулер: 1702

8 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде «Geoinformatics: Managing energy, resources, environment» TEMPUS IV жобасы бойынша «Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламаның ашылуы өтті.

Еуропалық Одақпен бірлесу нәтижесіндегі «Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламаның негізгі мақсаты ТЕМПУС офисының «GEM» жобасының координаторларымен және қатысушыларымен кездесу аясында, ғылым және білім саласында тәжірибемен алмасу және ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

Ашылуда алғаш сөз алған ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев "Бүгін барлығымыз үшін жақсы жаңалық. Себебі, Европалық одақпен бірлесу нәтижесінде ашылған халықаралық магистрлік бағдарлама біз үшін халықарлақ тәжірибе алмасу мен инновациялық кеңістікке айналуға арналған үлкен мүмкіндік. TEMPUS IV жобасы өз кезегінде академиялық мобильділік деңгейінің жоғарылауын ұсынады. Сонымен қатар бұл жобаға қатысуда жастарымыз үшін ағылшын тілін үйренуге үлкен мүмкіндік туады. Жоба әр бір азаматты ынталандыруда болашаққа апарар жол"- деді.

Бүгінгі заманауи нарықтық қоғам талабына сай мамандар даярлауда тәжірибесі мол бағдарлама, Орталық Азиядағы 7 университеттің бірлескен әріптестік негізінде құрылған.

Шараға Қазақстандағы жобаның Ұлттық координаторы Тасбулатова Шайзада Умурзаковна, Зальцбург университетінің Геоинформатика және ГАЖ орталығының директоры, профессор Джозеф Стробл – «Geoinformatics: Managing energy, resources and environment» TEMPUS IV жобасының координаторы (Австрия), география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Сальников В.Г., география және табиғатты пайдалану факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыстар мен халықаралық байланыстар бойынша орынбасары Түгельбаев С.С., география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының меңгерушісі Нүсіпова Г.Н., геоинформатика және картография кафедрасының доценті, г.ғ.к. Н.Н. Керімбай және т. б қатысты. Сондай-ақ «Геоинформатика» халықаралық магистрлік бағдарламасының зертханалық сыныбы салтанатты түрде ашылды. Осы орайда ЕГЕА Президенті Светлана Самсонова «Студенттер мен жас географтардың Еуропалық географиялық қауымдастығы, Еуропаның жас географтары сіздерді лабораторияның ашылуымен шын жүректен құттықтайды. Сіздерге ғылыми жетістіктер, жемісті жұмыс және алдағы уақытта та әріптестіміз нығая бергей» - деген ізгі тілегін білдіріпті құттықтау хатында.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі