Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Орал федеральді университетінің делегациясы қонақта болды

07.11.2012

Көрулер: 1831

1-2 қараша күндері Орал федеральді университетінің өкілдері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне іссапармен келіп кетті. Қонақтардың біздің өңірге ат басын бұрғандағы басты мақсаты тәжірибе алмасу болып табылды. Университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Олег Васильевич Гущин бастаған делагацияның құрамына тәрбие жұмысын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамту жөніндегі бөлім бастығы Алексей Андреевич Фокин және әлеуметтік саясат орталығы директорының орынбасары Александр Сергеевич Дубровский да болды. Делегацияның университетке келген алғашқы күнінде алдымен ҚазҰУ тарихымен және білім ордасындағы тәрбие жұмысымен танысты.

Бұл орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Е.Жаманбалаевамен келесідей тақырыптарда кездесулер өтті: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ұжымдық мәдениетін қалыптастастыру мен дамытуды басқару» және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәрбие және әлеуметтік жұмысының негізгі бағыттары». Кездесуден соң делегация департамент жұмысымен танысты. Департамент директоры Меңдігүл Сағатқызы куратор-эдвайзерлердің, сонымен қатар клубтар мен үйірмелердің жұмыстарын бағалайтын рейтингтік жүйенің енгізілуі туралы баяндады. Кездесу тәрбие жұмысының ұйымдастырушылық-әдістемелік қамту жөніндегі бөлімінің бастығы Талғат Әбішевтың университеттегі тәрбие жұмысының автоматтандырылған жүйесін таныстыруымен жалғасын тапты.

Жұмыс күнінің соңы спорт кешінінде өтті. Онда университет ректоры Ғ.Мұтанов дзюдо бойынша мастер-класстың өткізуімен ресейлік қонақтарды таңдай қақтырды. Келесі күні ҚазҰУ-дың студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының көшбасшыларымен кездесу өтіп, жастар ұйымдарының қызметімен танысты. Сонымен қатар, қонақтар студенттік биржа, студенттік заң клиникасы, студенттік теле-радиокешен, сондай-ақ куратор-эдвайзер мектебі мен әлеуметтік зерттеулер мен әлеуметтік инжиниринг орталығының жұмысын көрді. Ал іссапардың қорытынды пукті – Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен «1 курс таланттары-2012» байқауы болды. Мұнда қонақтар университеттің тәрбие жұмысының өнер саласының өнімді нәтижесін көре алды. Бұл іс-тәжірбие тәрбие саласы бойынша тәжірбие алмасудың мүмкіндігі болды.