Біліммен мыңды мойындатқандар марапатталды

23.10.2012

Көрулер: 1722

22 қазан күні кезекті ректорат мәжілісі әдеттегідей, қуанышты жаңалықтармен басталды. Ресей Федерациясында 17 қазанда ЖМХҒА-ның 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М.Мұтанов марапатталғанын ҚазҰУ атына Томск мемлекеттік университетінен келген сыйлықпен бірінші проректор М.М.Бүркітбаев таныстырды.


Академиялық саралау және ілгерілік бойынша халықаралық обсерваториясының IREG қызметі туралы IREG президенті Ян Садлактың баяндамасы тыңдалды. Ректор Ғ. Мұтанов қазіргі таңда университет ұжымына рейтингтік қажеттілікті, оның қалай іске асатындығының маңыздылығын атап өтті. Ян Садлак, ең әуел,і ұйымның атқарып отырған жұмысы мен рейтинг қалай жүргізілетініне кеңінен тоқталды. «Бүгінде 30 шақты рейтинг агенттігі бар. ҚазҰУ алғашқы университеттердің бірі болып біздің рейтингке енгені үшін үлкен алғысымды білдіремін», - дейді өз сөзінде.

Дәстүр жалғастығы қашан да қуанышты. Университетте үздік білім деңгейін көрсетіп, өзгеге үлгі болар студенттеріміз қашанда назардан тыс қалған емес. Жақсы білім алуға ынталандыру жасау, арнайы шәкіртақы тағайындау сабақтастығы күннен-күнге артып келеді. ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Г. Мұқанова мәдениет қайраткері, 1957жылғы ҚазҰУ түлегі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қ.Мұқанов атындағы шәкіртақыны журналистика факультетінің 3 курс студенті, оқу үздігі Д.Шенгелбайға табыс етті. Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің арнайы тағайындалған шәкіртақысын шетел филология және жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Г. Мәдиева 4 курс студенті, оқу үздігі А. Кшеноваға табыстады.

Университетіміздің «Алтын сапа» пікір-сайыс клубының мүшелері Философия және саясаттану факультетінің 3 курс студенті Ә.Қисыбай және физика-техникалық факультетінің 3 курс студенті Қ.Алдоңғаров «Нұр-Отан» Халықтық демократиялық партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты Алматы қалалық филиалының кубогына арналған пікір-сайыс турнирінде 31 команда қатарынан үздік шығып, 1-орын иеленді. Осы пікір-сайыс клубы 2 қарашада Көкшетау қаласында өтетін Республикалық турнирге жолдама алды. 11-13 қазанда Малайзияның Кота Кинабалу қаласында өткен таэквондодан 3-ші Азия Чемпионатында 1-ші орындарды иеленген заң факультетінің студенттері 58 кг. салмақ бойынша – К.Исламханов және 74 кг. салмақ бойынша – Ә. Адамбектегі марапатталды. Жүлдегерлеріміз 16 ел қатысқан чемпионаттың бас жүлдесін иеленді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі