Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігіне – 20 жыл

17.10.2012

Көрулер: 2521

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 17 қазанда Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 20 жыл толуына байланысты «ХХІ ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» («The Changing Nature of conflict in the XXI century») атты тақырыпта халықаралық конференция ұйымдастырылды. Конференция БҰҰ-ның «Academic Impact» бастамасы аясында өткізілді.


ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов конференцияның мақсаты қауіпсіздікке төніп тұрған қазіргі қауіп-қатерлерді анықтап, ХХІ ғасырдағы жанжалдардың себептерін түсіндіру екендігін атады. «Сарапшылардың міндеті дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аудартып, дәстүрлі емес қатерлердің алдын алу жөнінде ғылыми негізделген кеңестер ұсыну, сондай-ақ, Қазақстанның «Жасыл көпір» - «Green Bridge» құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіру», - дейді Ғалым Мұтанов. Халықаралық басқосудың кіріспесін жасағаннан кейін Ғалым Мұтанов конференцияға келген құттықтау жедел хаттарын оқыды. Жылы лебіздер мен сәттілік тілеген мұндай хаттарды БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев және Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ержан Қазыханов жолдаған.

Конференцияның алғашқы секциясында БҰҰ-ның «Academic Impact» бастамасына арналып, аталмыш секцияда БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті (АҚШ, Нью-Йорк) Ақпараттық-насихаттық бөлімінің директоры Махер Насер, БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» Бағдарламасының директоры Раму Дамодаран(АҚШ, Нью-Йорк), БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Қоғамдық ақпарат бөлімінің өкілі Властимил Самек, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің төрағасы Игорь Мусалимов, ЮНЕСКО Гуманитарлы және әлеуметтік ғылымдардың бағдарламалық маманы Раура Кеннеди, ЮСАИД ОА аймақтарына арналған экономикалық даму бөлімінің(Алматы) директоры Майкл Трублад, Академиялық бағалау және рейтинг халықаралық ұйымының (Франция) төрағасы Ян Садлак, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы БҰҰ орталығының директоры Салимбаева Альбина баяндама оқыды.

Халықаралық ғылыми жиында саясаткерлер мен дипломаттар әлемнің әртүрлі елдерінен келген ғалымдармен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерінің бірін, дәлірек айтқанда, қазіргі қақтығыстардың құбылмалы сипатын талқылап, қауіпсіздікке төніп тұрған дәстүрлі емес қатерлерді және ХХІ ғасырдағы сол қатерлермен байланысты жанжалдардың шығу және таралу себептері мен олардың алдын алудың мүмкіндіктерін қарастырды. Дүниежүзілік қаржы дағдарысы жағдайында қауіпсіздіктің кеңістігі кеңейіп, ақпараттық қауіпсіздік, энергетикалық экология мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігі күрт артып, заңсыз көші-қон, адам саудасы, есірткінің заңсыз айналымы сияқты т.б. мәселелер төңірегінде пікірлер тыңдалды.

ХХІ ғасырдың басындағы оқиғалардың даму динамикасы «қауіпсіздік» ұғымының концептуалдануына әсер етті. Егер, бұрын «қауіпсіздік» ұғымы әскери тұрғыдан ғана, бейбітшілікті қамтамасыз ету және жаппай қырып-жою қаруының қолданылуының алдын алу мүмкіндігі ретінде тұжырымдалған болса, ХХІ ғасырда қауіпсіздікке төнген жаңа, дәстүрлі емес қауіп-қатерлердің өзектілігі барған сайын үлкен мәнге ие болуда.

Конференция барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы БҰҰ орталығы мен БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Қоғамдық ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақстанның болашақ жас көшбасшыларына арналған «Young Leaders Training Program» бағдарламасын ашу жөнінде шешім қабылданды.

Конференцияның жұмысына Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және дипломатиялық корпусының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, БҰҰ, АӨЫСШК, ҰҚКҰ және тағы басқа халықаралық ұйымдардың өкілдері, Еуразиялық университеттер ассоциациясына мүше жоғары оқу орындарының жетекшілері, ұлттық ғылым академияларының жетекшілері мен өкілдері, ТМД және алыс шетел елдерінің жетекші ғалымдары мен мамандары қатысты.