ҚазҰУ-да халықаралық конференцияда ХХІ ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруін талқылайды

15.10.2012

Көрулер: 2724

2012 жылдың 17-18 қазан күндері сағат 10.00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 20 жыл толуына арналған «ХХІ ғасырдағы қақтығыстар сипатының өзгеруі» («The Changing Nature of conflict in the XXI century») атты халықаралық конференция ұйымдастырылады. Іс-шараны БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат Департаменті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өткізеді.

БҰҰ-ның «Academic Impact» бастамасы аясында өткізілетін бұл конференция – халықаралық қауымдастық үшін Қазақстанның бейбіт бастамаларының анағұрлым өзекті әрі қажетті екендігінің айғағы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі, «Өркениеттер диалогы», «G-Global», «Green Bridge» сияқты бастамалары бүкіл әлемдік қауымдастықтың мүддесіне сай қатынастарды қайта құруға бағытталып, адамзаттың ілгері дамуына ықпал ететіндігі сөзсіз. ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ЕҚЫҰ, БҰҰ сияқты жоғары халықаралық форумдарда Қазақстан ядролық қауіпсіздік, әлемдік қаржы дағдарысы, заңсыз көші-қон, есірткінің заңсыз айналымы, діни экстремизм мен терроризм сияқты жаһандық қауіп-қатерлерді шешуде күш-жігер біріктіруге шақыруда.

Конференция аясында танымал саясаткерлер мен дипломаттар әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдармен бірлесіп, БҰҰ-ның халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын болады. Іс-шараға қатысушылар қазіргі қақтығыстардың өзгермелі сипатына ықпал ететін бірқатар мәселелер мен олардың пайда болу себептеріне талдау жасап, қақтығыстардың алдын алу жөнінде ғылыми негізделген кеңестер ұсынатын болады.

Конференцияда БҰҰ-ның Қоғамдық ақпарат департаменті ақпараттық-насихаттау бөлімінің директоры Махер Насер, БҰҰ-ның «Academic Impact» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран (Нью Йорк, АҚШ), Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Аурелия Бушез, Қазақстандағы USAID өкілдігінің директоры Михаил Трублад және басқа да шетелдік өкілдер өз ойларын ортаға салады. Іс-шараға, сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Үкіметі, ҚР СІМ, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының жетекшілері, ТМД мен алыс шетелдің жетекші ғалымдары мен саясаттанушы мамандары қатысады.