Рухани жүздесу

15.10.2012

Көрулер: 2417

Қоғамға дінтанушылардың көмегі ауадай қажет. Ол үшін, алдымен, еліміздегі имамдардың сапасын арттыру қажет. Діни сауаттылықты арттыру өзекті мәселе. Дінтанушылар облыстарға барып жұмыс істеуі қажет. 15 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқытушы-профессорлар қауымымен және студенттермен арнайы кездесуге келген Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф кездесуде осындай тақырыптарды көтерді. Ол бұл салада нәтижеге жету үшін дінтанушылармен қатар, әр азаматтың да жан-жақты белсенділік танытуын да алға тартты.

Жоғары оқу орнының студенттерімен және оқытушыларымен кездесуде Дін істері агенттігінің төрағасы, алдымен, Елбасы жолдауының жүзеге асырылуы жайында ресми баяндама жасады. Атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды. Содан кейін көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға тыңғылықты жауап қайтарды. Қайрат Қайырбекұлының айтуынша, имам – шешен, тарихтан сауатты, ұлттық салт-дәстүрден білері мол адам болуы керек. «Ешқандай дін экстремизмді шақырмайды. Діни экстремизм шартты ұғым. Хиджаб – мұсылманның киімі деген ұғым жоқ. Оны өзіміз ойлап таптық. Қазақ қызын ерікін ұстаған. Шашын өріп, қос бұрым жіберген. Абай да аруларымыздың бұрымын, сұлулығын жырға қосқан. Нәзік жандарымызды жырламаған ақын жоқ. Орамалды жаңа түскен келінге енесі таққан. Орамал – тазалықтың, қалыңдықтың белгісі. Ал сақал қою – қазақта 63 жасқа жеткенде жүзеге асқан. «Ақ сақал» деген ұғым қазаққа ғана тән. Сақал – мұсылмандықтың белгісі емес. Тісі түскенде аталарымыз ауыздағы ұртын жауып тұрсын деп сақалды қойса, әжелеріміз жаулық таққан», - деген ойымен бөлісті. Сақал мен хиджаб, қысқа балақ парыз еместігін айтып, «иманды болуы үшін, біріншіден, патриот болу керек, ұлтыңды, әдет-ғұрпыңды сүюің керек», - дейді Қ. Лама Шариф. Сонымен бірге енді көшелерде діни кітаптарды таратуға рұқсат жоқтығын, мұндай кітаптар тек мешіттерде ғана таратылатындығын және діни сауатты жақсарту үшін нені оқып, нені білу керектігі, рұқсат етілген оқулықтар тізімі барлығы Дін істері агенттігі тарапынан бақылауда екендігін ескертті. Осы агенттіктің сайтында жарияланып тұратындығынан хабардар етті. Кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер таразыланды. Шығыстану, философия және саясаттану факультеттерінің оқытушылары, студенттері белсенділік танытты. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Қайырбекұлына ғибратты, өзекті әңгімелері үшін алғысын жеткізіп, естелік сыйлығын ұсынды.