Адамдық қасиетке бай тұлға

12.10.2012

Көрулер: 2349

12 қазанда білім мен ғылымның қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар, әкімдер мен ректорлар, профессор-ғалымдар және алыс-жақын шетелдерден келген әдебиеттанушы ғалымдар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті әдебиет сыншысы, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының Құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі, белгілі жазушы Тұрсынбек Кәкішұлының 85 жасқа толу мерейтойы қарсаңында «Тұрсынбек Кәкішұлы және қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бас қосты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Конференцияның негізгі себебі көрнекті ғалым, ұстаз, профессор Тұрсынбек Кәкішовтың 85 жасқа келіп, мерейтойын бөлісуі», - екендігін тілге тиек етіп, той иесінің атына келген құттықтауларды атап өтті. Мұндай құттықтау жедел хаттарын ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов және тағы басқалары жолдаған. Мұхтар Құл-Мұхаммед лебізінде «өзіңіз тәлім алған алыптар тобының орнын бастыңыз» десе, Бақытжан Жұмағұлов «білім және ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз» деп атап өткен. ҚазҰУ басшысы жылы лебіздермен өрнектелген жедел хаттарды оқығаннан кейін Тұрсынбек Кәкішовке ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың атынан Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын медальді табыс етті.

Осы ретте мерейтойға ұштастырылған халықаралық жиынның алғашқы салтанатты бөлімінде мерейтой иесін құттықтап жылы лебізімен бөліскен қонақтар толассыз болды. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин Тұрсынбек Кәкішов дегенде ойға Абай өлеңдерінің оралатынын тілге тиек етіп, ғалымның шығармашылығына, еңбек жолына кеңінен тоқталды. Сонымен бірге: «Тұрсынбек Кәкішовтың адамдық қасиеттерінің ең негізгі үштігі – еңбек, табандылық және ұлтжандылық. Осы қасиеттер бізге үлгі болып келе жатыр. Бұл кісі қайталанбайтын тұлға», - деп тоқталды. Шәкірт тәрбиелеу, ғылымның топырағын құнарландыру деген басымдықтар да Т. Кәкішовке тән екендігін баса айтты. Студенттерге, жас әдебиетшілерге үлгі болар жақсы қасиеттеріне егжей-тегжей тоқталды. Ал М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институттың директоры Уалихан Қалижанов Т. Кәкішовты «ешқашан мансап деп жағалап көрмеген, аяғын алшан басып, кеудесін тік ұстайтын ұлағатты ұстаз» деп бағалады. Ал жазушы Софы Сматаев «ел, жер, ер деген үш киелі ұғымға тоқталып, Кәкішовты ер деп атады. «Кәкішовтың қадыры жазушылық тазалығында» деп ой өрбітті. Ақын Марфуға Айтқожина қарындастық борышпен «аңыз болып жұртыңа тектілігің» деп ақындық ағынмен өлеңін оқыды. «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман бұл кештің жүректерде сақталатынын, ерекше рухани жүздесу екендігін, Кәкішовтың қадырлы да қасиетті жан екенін атады. Конференцияның алғашқы бөлігінде мерейтойға арналған жылы лебіздер мен қатар ғалымның адамдық, кісілік болмысын, ғалымдық ерекшелігін сипаттайтын өсиетті пікірлер молынан айтылды. Мұндай тілектерді Павлодар облысының, Оңтүстік Қазақстан облысының, Солтүстік Қазақстан облысының басшыларынан және еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарының басшыларынан келген тілектер жалғады. Мерейтой иесін құттықтай келген қонақтар кезек-кезегімен шапан жауып, бірі ат мінгізіп, енді бірі гүл шоқтарын табыстап, кітаптарын тарту етті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті арнайы ұйымдастырған халықаралық жиынның салтаннатты бөлімнен кейін конференцияның пленарлық мәжілісі өтті. Ғылыми жиында ғалымның шығармашылығы мен ғылыми зерттеулерінің басты бағыттарына қатысты қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын зерттеудің, оларды жоғары мектепте оқытудың әдістемелік мәселелері қаралды. Сонымен бірге «Т.Кәкішұлы және қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мәселелері», «Т. Кәкішұлы зерттеулеріндегі дәстүр және жаңашыл ізденістер», «Қазіргі кезеңдегі қазақ әдебиетін зерттеудің методологиялық және ғылыми-теориялық негіздері», «Әдебиеттану ілімін жоғары мектепте оқытудың өзекті мәселелері» бағыттары бойынша ғылыми тұжырымдар тыңдалды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі