Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы

09.10.2012

Көрулер: 2136

Ұстаз … жаратылысынан алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек, - деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, осы қасиеттердің барлығы өн бойынан табылатын ұстаздар қауымына қазан айының 5-ші жұлдызында физика-техникалық факультетінің жылуфизика және техникалық физика кафедрасындағы «Шоқжұлдыз» көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі С.Д. Ермағанбетованың ұйымдастыруымен ұстаздар күніне арналған мерекелік кеш болып өтті.


Кешті Парман Айзада мен Мұратова Мейрамгүл «Мерекем» әнімен бастады. Одан соң жас оқытушылар құрамына «Мейірімді ұстаз», «Ақылына көркі сай ұстаз», «Сүйкімді ұстаз», «Парасатты ұстаз» деген дипломдар табысталды. «Элит.kz» КТК командасы өнер көрсеткенде, барлық ұстаздар қауымы мен студенттер көңілдерін бір көтеріп алды. Сонымен қатар, «Someone» би тобы және латын, шығыс билері орындалды. Оқытушылар құрамы жай студент болып, ал студенттер оқытушы орнында болатын ойын да ойналып, оқытушыларға емтихан ретінде қызық сұрақтар қойылды. Мерекені факультет деканы Давлетов А.Е., деканның оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бөлегенова С.Ә., жылуфизика және техникалық физика кафедрасының меңгерушісі Бөлегенова С.Ә. мен барлық кафедралардың оқытушылар құрамы тамашалады. Кеш соңында Бөлегенова С.Ә. сөз сөйлеп, үйірме мүшелеріне керемет өнерлері үшін алғысын білдірді.

Жылуфизика және техникалық физика кафедрасы