Қазақ тілінің тағдыры ой-талқыға салынды

08.10.2012

Көрулер: 2205

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің саясаттану кафедрасы «Тіл аптасына» орай 3 қазан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясаты: перспективалары мен проблемалары» атты іс-шара ұйымдастырып, оның аясында мемлекеттік тіл мәселесі талқыланды.

Іс-шараға бірқатар белгілі саясаттанушылар, атап айтар болсақ: «Ұлы Дала қозғалысының жетекшісі» Айдос Сарым, саяси талдамашы Расул Жұмалы, «Жас Отан» қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков, ҚХКП қалалық комитетінің идеология және жастар саясаты бойынша хатшысы Елнұр Бейсенбаев, ҚР Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері, блоггер Бақытжан Бұхарбаев, «Алаң» саяси ток-шоуының продюссері, саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев қонақ ретінде қатысты. Тіл мәселесін қонақтармен қатар саясаттану кафедрасының студенттері де кеңінен талқыға салып, өздерінің ұсыныстарын айтты. Студенттер екі топқа бөлініп, қазіргі таңдағы мемлекеттік тіл саясатына деген екі көзқарасты білдірді. Мысалы, «Феномен» тобы мемлекеттік бағдарламаларды қолдап, олардың табысты іске асып жатқанын тілге тиек етті. Ал «Аманат» тобы болса, қазіргі таңдағы мемлекеттік тіл мәселесінің өзекті мәселелерін қозғады. Студентер бір-бірімен сұрақтармен алмасып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесі неге төмен екендігіне жауап іздеді.

Өз кезегінде сарапшылар қазақ тілінің дамымауына қазіргі таңда кірме идеологиялар әсер етіп отырғанын көрсетті. Мысалы, Р. Жұмалы: «Тілді идеологиялық тұрғыдан дамыту керек, идеология мықты болмаса, тіл де дамымайды», - дей келе, мемлекеттік қызметкерлерді де сынға алып: «егер де мемлекеттік қызметкерлер өздері қазақ тілін білмесе, онда олар қалай қазақ тілін дамытады?» - деп ойын жалғастырды.

Жарыссөзді жалғастырған А. Халбеков мемлекеттік тілді насихаттау жолдарын ұсынып, жастар дәстүрлі БАҚ-тан интернетке жақын екенін, сол үшін қазақ тілін интернет арқылы дамыту керектігін алға тартты. Өз кезегінде Е. Бейсенбаев қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін ол бірінші кезекте ғылымның және қоғамның тіліне айналуы шарт деген ойын ортаға тастады. Б. Бұхарбаев блоггер болғандықтан өз сөзін интернет мәселесінен қозғауды жөн көрді. Оның пікірінше: «Қазіргі таңда көп адам, оның ішінде көптеген жастар интернетте отырады, бірақ олар негізінен «Майл.ру Агентте» отыратындықтан, интернет қолданушылар қатарына жатпайтынын, «Агенттің» мүмкіншілігі шектеулі», - дейді жас блоггер. Қатысқан қонақтарды блог жүргізуге шақырды, өйткені блоггер пікірінше, блогтарда орыс тілді азаматтар көп, ал қазақ тілді азаматтар аз. «Егер де жас студенттер осы тіл мәселесін кеңінен интернетте талқыға салса, онда бір нәтиже шығады», - деді ол. Айтулы іс-шарадан қатысушылар үлкен әсер алды: біреулері көкейіндегі сауалдарға жауап тапса, екіншілерінде жаңа сұрақтар туындап жатты. Студенттер келген қонақтарға алғыстарын айтып, қош айтысты.

Саясаттану кафедрасы