Тіл - достықтың кілті

29.09.2012

Көрулер: 3342

Тіл - ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды.Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат. Тіл – қоғамның жемісі. Оның мерейін асырып, дәрежесін асқақтататын атаулы Тіл мерекесі университетте де ерекше аталып өтілді.


әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен ұлтымыздың байлығы Тіл мерекесіне орай кезекті «Бауырсақ party» акциясы өткізілді. Іс-шараға студенттерден бастап университеттің барлық қызметкерлері қатысты. Негізгі мақсатын патриоттық тәрбие беріп, өскелең ұрпақ алдында мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін арттыру, жастардың қоғамдық-азаматтық белсенділігін арттыру деп алған акция өз көздегеніне біршама жақындағандай болды. Өткізілу аясы барлық факультеттердің оқу ғимараттары мен ректоратты қамтыған ерекше акцияның ұйымдастырушылары тіліміздің даңқын асқақтатуға мейлінше үлесін қосуға тырысты. Ана тілімізде мақал-мәтел, жаңылтпаш, қанатты сөздер, өлең айтып, бауырсаққа ие болғандар өз ризашылықтарын жасырмай, жаңа, тың ойларын білдіріп жатты. Солардың бірі акцияның алғашқы қатысушыларының бірі, университетіміздің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов болды. Туған тіліміз – сарқылмайтын байлығымыз. Қанша тіл білсек, өзгеден сонша биік тұрамыз. Дегенмен, ең алдымен туған еліміздің мемлекеттік тілін, ана тілін білуге әрқайсысымыз да борыштымыз.

«Сұңқар» студенттер кәсіптік бюросы