Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тілдер» фестивалінің ашылу салтанаты өтті

24.09.2012

Көрулер: 3361

22 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің ұйымдасты­руымен филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ филологиясы кафедрасында «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік рәміздер» атты Қазақстан халқы тілде­рі­ мерекесіне арналған «Тілдер» фестивалінің ашы­лу салтанаты өтті.

«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмір­дің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде артық не бар екен!», – деген Елбасы Н.Назар­баевтың бұл сөзінен кейін, ана тілімізге деген құрметіміз одан әрі күше­йе түспек. Рас, бүгінде қазақ тілінің аясы кеңейіп, өрісі өсіп, құлашы кеңге жазылып келеді. Бұл бірінші кезекте, тәуелсіз­ді­гі­міздің, екіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік мәрте­беге ие болған­ды­ғының арқасы.

Жыл сайын ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналған фести­валь­дің ашылу салтанаты ерекше өтті. Бұл күннен бастау алған іс-шара бір аптаға жалғасып, «Тілдер» фестивалінің жабылуына арналған мерекелік шарамен қорытындыланбақ. Осы уақыт ішінде университетіміздің барлық факультеттерінде тіл насихатталып, айтарлықтай кө­ңіл бөлінетін болады.

Фестивальдің ашылу рәсімінде Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы ізгі тілегін білдірді. Ол өз кезегінде: Бүгін міне, университетіміздің барлық факультеттерінде тіл фестивалі басталды. Фестиваль аясында тіл саясатын насихаттайтын пікірсайыстар, олимпиадалар, өзге ұлт өкілдерімен кездесулер, «Қазақша сөйлесейік» акциясы және тағы басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілімізді тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындайтын күн туғандығын мой­ын­дап, оған қолдау көрсету бәрі­мізге парыз деді. Ал осы шараны ұйым­дас­тыруға ат салысып отырған филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы: Тіл – біздің ұлттық мақтанышымыз, атадан балаға мирас болып келе жатқан мұрамыз. Тіл– халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі – оның бақытты тірегі. Фестивальдің негізгі мақсаты универстетімізде көпұлтты мемлекеттің азаматын тәрбиелеу, кез келген өзге ұлт өкілінің шығармашылық қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасау, Қазақстанда өмір сүретін әр халықтың салт-дәстүрі, мәдениеті туралы ұғым қалыптастыру, студенттердің тілге, елге деген құрметтерін арттыру, өзара түсіністік пен достыққа тәрбиелеу деген ойын ортаға салды.

Мерекелік кеште бірінші курсқа қабылданған студенттердің өнерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасы қорытындыланып, үздік поэзия туындылары анықталды. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері арасында «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік рәміздер» зияткерлік сайысы өтті. Ғұламалардың сөздері ар­қы­лы тіл, дін, діл насихатталып, пат­риоттық өлеңдер оқылып, қазақтың әндері шырқалды.

Фестивальдің ашылу салтанаты Заң факультеті кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл туралы толғаныс» атты әдеби жүздесу кешімен жалғасты. Жас заңгерлермен кездесуге тіл жанашырлары «Ұлағат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс мектептерінде» журналдарының Бас редакторы Зернебек Шілдебайұлы, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиұлы келді.

Сонымен қатар, дәл осы күні Экономика және бизнес жоғары мектебі «Есеп және аудит» кафедрасының ұйымдастыруымен «Сүйсем өз тілімді, боламын білімді» деген тақырыпта танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбекпен кездесу өткізді. Әдеби кездесуді бастап берген факультет деканы Ермекбаева Баян Жүндібайқызы ақынның қадамына сәттілік тілей отырып, студенттерді студенттерді қысқаша ақынның өмір жолдарымен таныстырды. Ақын әңгімесінің әлқиссасын бұрындары және кейінгі уақытта жазылған жырларын оқудан бастады. Бұл кездесуде жастардың сусаған көңіліне ақынның тағлымды ойлары қуат берді. Кеш соңында жазушыға қонақ кәде ретінде сыйлықтар табыс етілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі апталық «Тілдер» фестивалі әдеби-азды кештермен, дөңгелек үстелдермен және көптеген мерекелік іс-шаралармен жалғасады.

Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент