Халықаралық сарапшылардың бағасы жоғары

11.09.2012

Көрулер: 2655

Еуропалық Одақтың халықаралық жоғары дәрежелі сарапшыларының жүргізген сараптамасы бойынша Қазақстанның ғылыми-инновациалық бағасының нәтижелері белгілі болды. Бұл сараптама Қазақстан Республикасының IncoNet-EECA жобасы аясында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің тапсырмасымен іске асты.


Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында ғылыми-инновациялық тұрғысынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көшбасшы болып табылады. Жан-жақты сараптама бойынша 2007-2011 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 335-тен аса халықаралық ғылыми және техникалық бағдарламалар мен ISTC, INTAS, TEMPUS, IAEA, NATO қор жобаларын жүзеге асыруға қатысқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтік журналдардағы ғылыми жарияланымдары өзге жоғары оқу орындарына қарағанда оқ бойы озық келеді.

Сондай-ақ, университет ғалымдары Scopus мәліметтер базасында 710, Web of Science базасында 829 ғылыми жұмыс жарияланған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, жетекші оқу орындарының бірі Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-да 35 және 213 жарияланымдары болса, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Scopus пен Web of Science базасында 36 және 115 жарияланым тіркелген екен.

Университет ғалымдары ғылыми жетістіктердің жоғары деңгейіне қол жеткізген, олардың бірқатары әлемдік топ-университеттер ғалымдарының индексіне сәйкес «Хирша дәйексөз көрсеткішін» иеленген. Сонымен қатар, 2011 жылы өнертапқыш патенттерін, сертификаттарын және басқа заңдық құжаттарды алған оқытушылардың үлесі университет ғалымдарының жалпы санының 11 пайызын құрады.

Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың өзекті бағыттары бойынша ғылыми-техникалық бағдарламалар мен инновациялық жобаларды жүзеге асыруда ҚазҰУ көптеген жетістіктерге қол жеткізген жоғары оқу орны болып отырғанына сарапшылар ерекше көңіл аударып отыр. Еліміздегі ешбір жоғары оқу орны дәл осындай беделді көп салалы зерттеу ғылыми мектептерімен «мақтана» алмайды. ҚазҰУ құрылымында ірі технопаркпен қатар он шақты белгілі халықаралық ғылыми-зерттеу институттары және орталықтары жұмыс істейді. ҚазҰУ-да ғылыми зерттеу жұмыстары нәтижелерінің трансформациялануын және ғалымдардың жаңа идеяларымен инновациялық өнімдерін қамтамасыз ету мақсатында дамыған «технологиялық дәліз» қызмет етеді, ол «идеядан өнімді коммерциализацияландыру және ендіру» тиімді инновациялық тізбегімен жүзеге асып келеді. Бұл – жобаларды алып жүру орталығы, Коммерциализация офисі, Бизнес-инкубатор. «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Инновациялық кластері» университеттік жобасы 2010-2014 ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қазақстанның инновацияны дамыту және технологиялық модернизацияны қолдау мемлекеттік бағдарламасына ену университетке Қазақстаннның Ұлттық инновациялық жүйесімен тығыз ықпал етуге мүмкіндік береді.

Сонымен, «ақылды экономиканың» шынайы субъектісі ретінде зерттеу университетін құруда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Елбасы Н.Ә.Назарбаев қойған міндеттерді шешуге барынша күш салып келеді.