ҚазҰУ жастары есірткіге қарсы

06.09.2012

Көрулер: 2439

Елбасының Жолдауында: «...есірткі дертіне ұшыраған қоғам - қауіпсіз қоғам бола алмайды» делінген. Демек, есірткімен күрес- күрмеуі көп күрделі іс екендігін ұғынуға болады. Қыркүйек айының 6 жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Жоғары студенттер кеңесі мен ҚазҰУ қалашығының директоры Әбдіқаһар Сейітжановтың ұйымдастыруымен «ҚазҰУ студенттері есірткіге қарсы» атты акция өтті. Оған ҚазҰУ-дың барлық бірінші курс студенттері қатысты.

Жастар алаңшасында жиналған 1 курс студенттеріне есірткі пайдаланудың зиянды жолдары мен заң жүзіне қарама-қайшылықтарын баса айтты. Әсіресе, осындай акцияға арнайы келіп, ұйымдастырушылар тарапын қуаттаған ішкі істер басқармасының өкілдері де болды. Солардың бірі Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының старшинасы Дәуір Әміров бізге берген сұхбатында:

-Есірткі ісімен ұсталғандарға арнайы үкім шығады. Үкімді біз арнайы коммисия болып қараймыз. Осы акцияға Бостандық ауданық ішкі істер басқармасының үкімінде қаралған есірткі түрі «гашишты» арнайы әкеліп отырмыз. Жастар алдында жоюға әкелінген гашиш биылғы жылы ұсталған есірткі болып табылады. Есірткімен біздің ауданда мектеп оқушылары мен университет студенттері көптеп ұсталады. Әсіресе, біз есірткі пайдаланушыларды түнгі клубтардан ұстаймыз. Тіпті, жасы келген 40-45 жас шамасындағы тұрғындардың да гашишпен ұсталған жайында да деректеріміз бар. Есірткімен бірінші рет ұсталып отырса оған кешірім беріледі және отбасылық жанұясына қарай бірнеше кешіру тәсілдері бар. Ал, екінші рет ұсталса 2 жылдан 5 жылға дейін темір торда қамалады.

Аталмыш акцияға сондай-ақ, Бостандық аудандық айғақты заттарға жауап беретін ішкі істер басқармасының старшыны Оспан Шолабаев пен Бостандық аудандық прокуроры, екінші сыныпты әділет кеңесшісі, аға көмекші Әсет Бекқайыров және қалалық полция басқармасынан арнайы қызметкерлері келіп, алаңқайда 1 курс студенттерінің алдында гашишты көзбе-көз өртеді. Аталған ішкі істер басқармасының өкілдері биыл Алматыда есірткі тұтыну және сату деректерімен ұсталушылар саны азайғандығын айтады және осындай акциялардың жыл сайын өткізіліп тұратындығын баяндады. Есірткіні жою шарасына жиналған 1 –курс студенттері өздерінің шын мәнісінде есірткінің адам үшін зияндылығын және оның қылмыстық іске жататындығын ұқты, ең бастысы «есірткіге жол жоқ!» деп ұрандады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі