Ректор кураторлық дәрісін А. Байтұрсынұлы мұражай-үйінде өткізді

06.09.2012

Көрулер: 1754

6 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың механика-математикалық факультеттегі курсына кураторлық дәрісі Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде өтті. Кураторлық дәріске сондай-ақ механика-математика, журналистика және филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің декандары мен студенттері де қатысты.

Мұражайға барған бетте жылы жүзбен, күліп қарсы алған Райхан Имаханбет, ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры: «ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынастамыз. Үнемі байланыс бар. Студенттермен бірінші ахметтанушы болғандықтан Өмірхан Әбдиманұлы келіп тұрады. Ахмет Байтұрсынұлы өмірі туралы ақпараттар осында сақталған. Қазақтың ғасыр толып отырған әліпбиінің, қазаққа ғана тән әріптерді таңбалап берген Ахмет аталарың болады. Туған перзенттері болмаған, бауырларының балаларын бауырына салған, Самұрат ағай атасының аты ақталғаннан кейін қоғамдық қор құрып, сол қор осы үйді сақтап отыр. Бұл мұражай мемлекет қарамағында емес, тек сол қордың қолдауымен сақталып тұр... Ахмет Байтұрсыннан төрт ағайынды және жалғыз қарындасы болған», - дей келе, Ахмет Байтұрсыновтың толық өмірбаяны мен шығармашылығымен және мұражай жұмысы, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Келешекте мұражай көлемін кеңейтсек деген ой барын да айта кетті.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: «Студенттер оқу барысында курстық жұмыс, диссертация жазасыңдар, үнемі А.Байтұрсыновқа қайта-қайта келетін боласындар. Бүгін барлығымыз бірге келдік, алдағы уақытта өздерің келіп, жақын танысып тұрыңдар», - дей келе, білім, ғылым жолын таңдаған жастар үшін Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы теңдессіз мұра екенін нақтылай, «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын?» деген сөзді кеше Елбасы өз дәрісінде де айтқандығын, қашанда іздену мен еңбектене отырып әдебиет, мәдениеттен хабардар жүру керектігін тілге тиек етті. Осы орайда, журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы «Қазаққа оқу-ағарту керек, қандай мектептері керек, газет керек, баспа керек. Кітап шығару керек, міне осындай саяси талапты алғаш патша алдына жеке атынан емес, халық атынан ұйымдастырған Ахмет Байтұрсынұлы болған, осы қайраткерлігі ары қарай өміріне негіз болды. Саяси тұлғасына келсеңіз, 1917 жылы 17 қарашада Алаш партиясының бағдарламасын жариялады. Бұл көрегендігі. Ахмет туралы бір адам бір ауыз жаман сөз жазбаған. Әдебиетте басқа адамдар туралы көзқарас қарама-қайшылығы болған, ал Ахмет Байтұрсынов туралы болмаған», - деп, студенттерге толық ақпарат беріп, әдебиеттегі орны мен қызметі туралы мағлұматтарды айтты.

Мұражай директоры Райхан Имаханбет Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі тағзым ететін орын болып қалыптасқалы бірінші болып келген ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа сыйға кітап табыстап, Ахмет Байтұрсынов рухы қолдап жүрсін деп тілек білдірді. Дәріс соңында А.Байтұрсынұлы ескерткішінің алдында естелікке суретке түсті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі