7 қыркүйекте ҚазҰУ-да олимпиадашыларды ұлықтау рәсімі өтеді

06.09.2012

Көрулер: 2355

7 қыркүйек 2012 жыл сағат 16.00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да (ректорат, 15 қабат) Лондонда өткен ХХХ олимпиада ойындарына Қазақстан құрама командасында қатысқан университеттің спортшы-студенттерін ұлықтау рәсімі өтеді.

Лондон олимпиадасы ойындарына ҚазҰУ-дың 11 студенті лицензия жеңіп алып, спорттың әр түрінен қатысып қайтты. Олар: Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Айман и Шолпан Қожахметовалар, Виктор Лептиков, Анастасия Пилипенко, Никита Филиппов, Георгий Шейко (жеңіл атлетика), Гүлжан Исанова (дзюдо), Алексей Шмидер (судағы поло), Юлия Живица, Эльмир Алимжанов (семсерлесу).

Заң факультетінің студенті Светлана Подобедова, 3 тамыз күні Лондонда 75 келі салмақ дәрежесінде ауыр атлетикадан өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль сыйлады.

Светлана Подобедова - екі дүркін Әлем чемпионы (2009, 2010), екі дүркін Еуропа чемпионы (2004, 2005), Қазақстан чемпионы (2010, 2011, 2012), Азия (2009) және Азия ойындары (2010) чемпионы атанған. 2011 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жұлқи көтеруде 134 кг салмақпен Әлем рекордын орнатқан. Қос сайыс бойынша 295 кг салмақтағы Әлем рекордын да Светлана Подобедова орнатқан. 2012 жылғы Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы.

ҚазҰУ-да спорт және дене шынықтыру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта заманауи жабдықталған стадион, спорт кешені, ашық алаң сонымен бірге, дене тәрбиесі және спорт кафедрасы жұмыс істейді. Клубтық жұмыс түрінің секциялары студенттерге тиімді және ыңғайлы уақытта дене шынықтырумен, спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Жыл сайын ҚазҰУ студенттері республиқалық және халықаралық жарыстардан, турнирлерден, спартакиадалардан жеңіспен оралады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

8 (727) 377-35-20