ҚазҰУ-да университет ұжымы мен студенттеріне «Ауызашар» өткізілді

18.08.2012

Көрулер: 2682

Игі дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығының ордасына айналған, білім мен ғылымның қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тағы да бір игі шара болып өтті. Барша мұсылман қауымы үшін ең ұлық ай - қасиетті Рамазан айында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов жыл сайынғы дәстүрге сәйкес университет ұжымына ауызашар берді.


Ауызашардың мол жайылған ақ дастарханына Тұрсынбек Кәкішұлы тәрізді ғалым-академик тұлғаларымыздан бастап, осынау қасиетті айда бір Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен ұстаздар мен студент-жастар жиналды. Медеу ауданының бас имамы Сәкен қажы Ілиясұлы Құран оқып, ауызашар батасын қайырды.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған универсиет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы мұндай шаралардың жас ұрпақ тәрбиесінде алатын орны мен маңызы туралы айта келіп, әр адамның өмірдегі ең басты қағидасын өлең жолдарымен түйіндеді:

Келген соң жарық дүниеге

Өмірдің бір болар мәні -

Дүниені бұдан да жарық етіп,

Нұрландырсаң айналаңды!

Адамзатты жаратқан махаббатпен

Біліп оны, шығармай әр кез естен,

Жолыңды ғұмырлық жүріп өтсең,

Жақсы іс, таза көңіл, ықыласпен!

ҚазҰУ басшысы: «Бұл ауызашар дастарханы біздің ұжымның үлкен ауызбіршілігің дастарханы», - деп атап өтті. Расымен де ҚазҰУ-дың бұрыннан қалыптасқан дәстүріне орай үлкен кіші демей бір дастархан басына жиналған бұл қауымды Аллаға деген шексіз сенім мен өз ұжымына, елімізге деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі біріктіріп тұрды. Сонымен қатар, Рамазан айы адамгершілік пен бауырмалдылықтың, жаңғыру мен жаңарудың, жақсылық пен қайырымдылық істердің бастауы екендігін тілге тиек ете отырып, Студенттік құрылыс отрядында жұмыс жасай жүріп ораза ұстаған студенттердің шыдамдылығына, қажыр-қайратына ризашылығын білдірді.

Ғалым-ұстаздардың да ғибрат сөздері мен тілектері жастардың жүректерінің лүпілімен үндесіп жатты. Сәкен қажының құдіретті жаратаушы иеміздің қандай жағдайда пендесінің тілегін қабыл ететіндігі туралы ғибратты әңгімесі әркімнің жүрегіне ой салғаны анық. Сәкен қажы дастархан басына жиналған жастардың көптігі үшін сүйініш білдіріп, оларға ақ тілегін жолдап, батасын берді.

Мұндай тағылымы мол, ғибатары іс-шара жастардың рухани-адамгершілік ұстанымдарын нығайтып қана қоймайды, ол тәуелсіз еліміздің іргесін бекітіп, елдігіміздің ертеңіне де жол ашары сөзсіз.

Тәрбие ісі жөніндегі департамент