ҚазҰУ ұжымы мен студенттер Ыстық көл маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагеріне барып қайтты

09.07.2012

Көрулер: 3163

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылығының қолдауымен және Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент пен «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының ұйымдастыруымен университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері 6-8 шілде аралығында Ыстық көл маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагеріне барып қайтты. Үш күндік демалыс барысында сауықтыру шаралары, семинар-тренингтер және бикештері мен концерттік бағдарлаамалар, Астана күніне арналған мерекелік кештер ұйымдастырылды.

Алғашқы күн Куратор-эдвайзерлерге арналған «Студенттердің шығармашылық потенциалын дамытудағы куратор-эдвайзерлердің рөлі» атты семинар-тренингтен бастау алып, «Астана күніне» орай ұйымдастырылған мерекелік кешке жалғасты. Кеш барысында мерекелік алау жағылып, Студенттер клубы үйірмелерінің және Жастар ұйымдары комитеті өнерпаздарының шығармашылығынан концерттік бағдарлама ұсынылды. Ойындар ойналып, оқытушылар мен студенттер ән шырқап жарысты. Келесі күні «Нептун» күні ұйымдастырылып, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, Тәрбие жұмысы жөніндегі департаменттің директоры Меңдігүл Ноғайбаева, «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев, Ыстық көл маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагерінің директоры Талғат Дүйсембаев және құрылымдық бөлімдердің жетекшілері, факультеттің куратор-эдвайзерлері, оқытушы-профессорлар, студенттер қойылымдар тамашалап, би билеп, ойындар ойнады. Сөз алған ректор Ғалым Мұтанов демалушыларға сәттілік тілеп, ұжымдық мәдениетке, биік ұйымшылдыққа алғысын жеткізді. Пансионатта жасалған жағдайларға тоқталып алда, биология және биотехнология сонымен бірге, география және табиғатты пайдалану факультетінің студенттері өндірістік тәжірибелерін осы лагерде өткізуге қолдау жасалатындығын жеткізді. Бұл күн түстен кейін «Күшті бастауыш ұйым- күшті кәсіподақ» кәсіподақ белсенділерінің жаздық мектебіне жалғасып, кешкісін балаларға арналған ән-жыр орындалып, оқушылардың бикешіне ұласты. Пансионат алдындағы алаңда арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ойын ойнатылды. ҚазҰУ-дың КТК (көңілді тапқырлар клубы) құрама командасы әзілден шашу шашса, «Бақыт» би тобы қазақ биінен бастап әр ұлттың биін биледі. «Фараби сазы» ұлт аспаптар ансамблі қазақ күйлерін күмбірлетсе, өнерпаз студенттеріміз флеш-моб жасап мерекеге ұластырды. Өнер көрсетіп қана қоймай, «ҚазҰУ рекорды» клубының жеңімпаздары да марапатталды. «ҚазҰУ рекорды» клубының кубогы мен алтын медальді Студенттер сенаты, ал күміс медальді «Сұңқар» студенттер кәсіподағы және қола медальді Студенттер жоғары кеңесі иеленді.

Ыстық көл маңындағы жазғы спорт-сауықтыру лагерінде демалып қайтқан туристер теңізге серуен жасап, қырғыз еліндегі мәдени ошақтарды аралап, ел мәдениетімен де танысты.

«Қазақ университеті» газетінің редакциясы