Тарихшылар форумы

16.06.2012

Көрулер: 2049

Университетіміздің тарих, археология және этнология факультетінде 2012 жылдың 13 маусымы күні дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция тарих ғылымдарының докторы, профессор Я.Д.Серовайскийдің туғанына 100 жыл толу құрметіне арналды.


Пленарлық мәжілісте «Қазақстан медиевистикасы 20 жыл ішінде» атты баяндамасымен сөз алған дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор Қ.Т. Жұмағұлов кафедраның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін зор мақтанышпен атап өтті. Жуырда ғана Үкімет делегациясының құрамында Францияда ғылыми іс-сапарда болып, Шампань аймағындағы Шепп қаласында атақты бабамыз Аттиланың ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып, баяндама жасап қайтқан профессор Қ.Т.Жұмағұловтың әлемдік тарихтың дамуына, соның ішінде ғұндар мәселесінің зерттелуіне қосып жатқан қомақты үлесі оның баяндамасы арқылы ғылыми қауымға тағы да бір жол тауып, ерекше әсер қалдырды.

Конференция жұмысына университетіміздің басшылығы, көрнекті қоғам қайраткерлері, профессор Я.Д.Серовайскийдің отбасы мүшелері, замандастары, шәкірттері және басқа да ғылыми қауымдастық мүшелері қатысты. Атап айтқанда, ұзақ жылдар бойы ҚазҰУ-дың ғылым жөніндегі проректоры және бірінші проректоры болып қызмет еткен профессор З.А. Мансұров қатысып, Я.Д. Серовайскиймен қызметтес болған жылдардың қызықты сәттерін еске түсірді. Ю.Я.Серовайскийдің қызы, т.ғ.к., доцент Ю.Я. Серовайская өзінің «Ғалым, педагог, азамат - Я.Д. Серовайскийдің өмірбаяны» атты баяндамасында профессордың сан салалы, мәнді де мағыналы өмірін перзенттік үлкен тебіреніспен баяндап берді. Пленарлық мәжілісте, сондай-ақ тарих факультетінің деканы т.ғ.д., профессор Ж.Қ. Таймағамбетов баяндама жасады.

Конференцияның бұдан кейін кейін секциялық мәжілістерде жалғасын тапты. Бағдарлама бойынша барлығы 4 секция жұмыс істеді. «Я.Д. Серовайский және Қазақстандағы жалпы тарих ғылымы» атты 1-ші секция мәжілісінде Я.Д. Серовайскийдің шәкірттері - т.ғ.к., доцент А.И. Ульман, Перспективті астраномиялық зерттеулер бөлімінің бастығы, ҚР БжҒМ ҰҒА-ның Фесенков атындағы Астрофизика институтының Құрметті профессоры, ф-м.ғ.д. Л.М. Чечин, запастағы полковник, Ұлы Отан соғысы және Қарулы күштер ардагері В.А. Беленов және т.б. сөз сөйледі.

Конференцияның 2,3,4 секциялары тарих ғылымының қазіргі таңдағы өзекті мәселелеріне арналды. «Дүние жүзі тарихы мәселелері» атты 2-ші секцияны дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Г.К. Көкебаева жүргізді. Секция мәжілісінде кафедра доценттері Р.С.Мырзабекова, Ф.М. Шамшиденова, Е.Т. Қартабаева, Ф.Н. Мийманбаева, Г.С. Беделова, Т.Н. Мұқажанова, PhD, аға оқытушы Н.Т. Әбдімомынов, аға оқытушы А.Қ. Шокатова, кафедра докторанттары П.Н. Нұсқабай, Ж.Б. Қожабекова, магистранттар Т. Апендиев, С. Домнин және т.б. баяндама жасап, әлемдік тарихтың өзекті мәселелерін әр түрлі аспектілерде қозғады. Секция жұмысына еліміздің басқа да университеттерінен, атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті оқытушылары және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінен, басқа да білім ордаларынан ғалымдар қатысты.

«Тарих ғылымының методологиясы мен теориясы: тарихнама және деректану» деп аталатын 3-ші секция тарих ғылымының маңызды салаларының бірі - деректану мен тарихнамаға арналды. Секцияны дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Қ.М. Атабаев жүргізіп, оған кафедра мен факультеттің белгілі профессорлары Т.Ә. Төлебаев, О.Х. Мұқатова, Г.С. Сұлтанғалиева және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен, Семей мемлекеттік педагогикалық институтынан, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен баяндамашылар қатысты. «Отандық тарихтың өзекті мәселелері» атты 4-ші секция жұмысына да университетіміздің ғалымдары, сондай-ақ отандық тарих ғылымымен айналысушы еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары мен белгілі ғалымдары қатысты.

Сонымен, тарих, археология және этнология факультетінде өткен ғылыми-практикалық конференция Республикамыздағы жалпы тарих ғылымының негізгі орталығы болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының тәуелсіздіктің 20 жылында атқарған сан-салалы жұмысына өзіндік бір қорытынды жасады.

Дүние жүзі тарихы,

тарихнама және деректану

кафедрасы