ҚазҰУ әскери кафедрасының курсанттары әскери ант қабылдады

29.06.2012

Көрулер: 2916

29 маусым күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әскери кафедрасы курсанттарының әскери ант қабылдау салтанатты шарасы бас ғимарат алдындағы алаңда өтті. ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева «Әскери кафедра курсанттарын салтанатты түрде ант қабылдау рәсімімен құттықтаймын. Бүгіннен бастап білім алуға, Отанды қорғауға шыңдалуда табанды болыңыздар. Барлық бастамаларыңызға жетістік пен сәттілік тілеймін», - деді өз сөзінде. Ал арнайы қонақ генерал-майор, Қазақстан Республикасының Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаровтың «Білім нәрімен сусындаған, университеттеріңді қайда болсаңдар да ұмытпаңдар. Барынша әділ, адал болыңдар. Генералдар атынан сендерге генерал болуды тілеймін» деген тілегі барша курсанттарды бір қуантты.

Курсанттар мен мереке қонақтарын университет басшылығы, соғыс және тыл ардагерлері, Қазақстан Генералдар кеңесінің және қоғамдастықтың өкілдері құттықтап, ақ тілектері мен жылы лебіздерін білдірді.

ҚазҰУ-дың әскери кафедрасының бастығы, полковник Олег Степаненко арнайы Қарулы Күштердің 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен университеттің әскери кафедрасының түлектері «Парасат» кәсіподағының төрағасы Т.Мекебаев пен заң факультетінің деканы Д.Байдельдиновты марапаттады. Сонымен қатар, Олег Степаненко биылғы түлектер ҚазҰУ-дың 70-ші түлектері екенін де атап өтті.

Шара қатысушылары ерекше назарда аэромобильді әскер жауынгер-десанттарының ұрыс дайындықтарының қойылымдарын, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының саптық дайындықтарынан қойылымдарын, ҚазҰУ курсанттар вальсін тамашалап, Алматы гарнизоны бірлескен әскери оркестрлерінің плац-концерттерінің тамашалап, дән риза болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Баспасөз қызметі