ҚазҰУ жанынан БҰҰ орталығы ашылды

16.06.2012

Көрулер: 1858

15 маусым күні Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде ҚР БҰҰ-ның ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

Ресми тұсаукесерде ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаев университетте ашылған орталықтарды атап өтіп, бүгінгі БҰҰ орталығының ашылуы ғаламдық мәселелерге де ден қойюға үлкен мән беретіндігін тілге тиек етті. Орталықтың ашылуына БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш тұрақты елшісі, профессор Ақмарал Арыстанбекова, ҚР ақпаратттық кеңсесінің басшысы, БҰҰ АҚБ өкілі Властимел Семак, Орталық Азия бойынша аймақтық үйлестірушісі Сабер Азам, ВИЧ СПИД бойынша (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан) бірлескен бағдарлама үйлестірушісі Роман Гайлевич, УНП БҰҰ бойынша Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі Тофик Муршудлу, БҰҰ Әйелдер қорының ТМД елдеріндегі бағдарламаларының өңірлікдиректоры Дамира Сартбаева және оқытушы, студенттер қауымы қатысты.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан БҰҰ орталығының ашылуына бірден-бір қолдау көрсеткен ҚР-ның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты елшісі, Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, А. Арыстанбекова өз кезегінде сөз алып, бұл орталық студенттерге білім берумен қатар ғылыми-зерттеумен айналысуда келешегі кемел, сондай-ақ интеллектуалдық орталыққа айналатынына толық сенім білдіретіндігін айтты. «ҚазҰУ студенттері тек Қазақстанның ғана емес, әлемдік деңгейде беделге ие тұлға ретінде танылуда. Сондықтан біз әрқашан орталықтың әрі қарай дамуына қолдау көрсетуге даярмыз»,- деді ол.1992 жылдың 2 наурызында Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданғаны белгілі. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясы­ның 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша бел­сенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. БҰҰ-ның басты мақсаттарының бірі - бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау болып табылады.

Ашылуға келген барлық өкілдер мен басшылар арнайы құттықтау сөздерін жеткізіп, БҰҰ орталығының жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар студентер де өз презентацияларын ұсынып, Қазақстан Республикасының БҰҰ-на енуі туралы фильм көрсетілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі