Студенттің мамандыққа деген қабілетін сынаған олимпиада

10.05.2012

Көрулер: 1791

2012 жылдың 3-4 мамыры аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультетінің қабырғасында алғаш рет Алматы аймағында орналасқан жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында “Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау” мамандығы бойынша олимпиада өтті.


Олимпиадаға қатысу үшін өтініш білдіргендер: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ жол қатынасы университеті, Қазақ инженерлік техникалық университеті.

I тур- теориялық бөлім «Әрекеттеріңіздің алгоритмін құрыңыз», «Тестті орындаңыз», «Кросс-сұрақтарға жауап беріңіз», «Суретпен жұмыс», «Жұмбақтарды шешіңіз» байқауларынан тұрды. II тур- практикалық тапсырмалар «Зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету» мен «Іскерлік ойындардан» құралды. «Зардап шегушіге алғашқы көмек көрсету» тартымды өту үшін қатысушыларға адам муляжы, Крамер шиналары, бюкстер, бинттер, жгуттар, стерильді мақта, залалсыздандыратын ертінділер, ауырсынуды басатын дәрілік заттар, бас жарақаты кезінде қолданылатын шеңбер таратылды. «Іскерлік ойындар» өткізілгенде Алматы қаласы аудандарға бөлініп, ондағы басшылық құрамдары Төтенше Жағдайлар салдарын жою, халықты құтқару мақсатында нақты шешім қабылдап, басшылық жұмыстарын жүргізумен ерекше өтті. Аудандар байланыс құралдары - рациялармен, Алматы қаласының картасы, калькуляторлар, шартты белгілер, әдістемелік құралдар, маркерлер, сызғыштар, қарындаштар, А4 форматты қағаздармен қамтамасыз етілді.

Қатысушыларға арнап танымдық мақсатта биология және биотехнология факультетіндегі биомұражайға экскурсия ұйымдастырылды.

Аймақтық олимпиада жүлдегерлері атанған студенттер:

1 орын - I –дәрежелі диплом - Магазова А. (ҚазҰУ, 3 курс, о/т).

2 орын - II –дәрежелі диплом - Қалғұлова Н. (ҚазҰУ, 3 курс, қ/т), Тақабай Ш. (ҚазҰУ, 2 курс, қ/т).

3 орын -III –дәрежелі диплом - Розахунова С. (ҚазҰУ, 2 курс, о/т), Таңсық А. (ҚазҰУ, 1 курс, қ/т), Советжан Ж. (ҚазЖҚУ, 1 курс, қ/т).

Конкурстық комиссия қатысушылардың білімін теориялық және практикалық турлар бойынша бағалап, жүлдегер - студенттерді I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды, құнды сыйлықтар тапсырылды.

Факультеттің дәріс залы мен оқу аудиториялары «Аймақтық олимпиадаға қатысушыларға сәлем!», «Қауіптен-қауіпсіздікке!» лозунгтерімен безендірілді.

Олимпиаданың мақсаты: студенттердің шығармашылық қабілеттіліктерін ашу, білімге ынталандыру, талантты және дарынды студенттерді таңдау және оларды қолдау; болашақ мамандардың ерекше жеке кәсіби қабілеттіліктерін айқындау және дамыту; студенттердің интеллектуалды потенциалының қалыптасуына себепкер болу; қазіргі заманғы ғылыми мәселелерді шешуге студенттер мен жас ғалымдарды тарту және қызықтыру; ғылымға қызығушылықтарын арттыру; республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін командаларды қалыптастыру.

Химиялық физика және материалтану кафедрасы