ҚазҰУ студенттері Германияда білім алу гранттарын иеленді

10.05.2012

Көрулер: 3138

Герман ғылыми-зерттеу орталығы профессор М.Ш. Губайдуллинаның жетекшілігімен Германдық академиялық алмасу қызметінің (DAAD) грантына ие болды. Грант бойынша халықаралық қатынастар факультетінің 15 студенті 2012 жылдың маусым айында Германияға топтық сапармен барады.

Екі апта ішінде студенттер Берлин, Марбург, Гейдельберг, Бонн, Гамбург, Бремен қалаларының университеттерінде және Макс Планк ғылыми-зерттеу институтында, Бейбітшілік пен қауіпсіздікті зерттеу институтында (CORE) және Жаһандық және аймақтық зерттеулер институтында (GIGA) танымдық және өндірістік тәжірибеден өтеді. Бірқатар тақырыптық семинарлар мен тренингтер, Бундестагтағы Орталық Азия бойынша парламентаралық топтың жетекшісі, депутат Д. Энкельманнмен кездесу, Берлиндегі Қазақстан Республикасының Елшілігіне сапар және т.б. шаралар жоспарланып отыр.

Бұл жаңалықты халықаралық қатынастар факультетінің студенттері және оқытушыларымен болған кездесу барысында Қазақстандағы DAAD ақпараттық орталығының директоры доктор Михаэль Яуманн айтқан болатын.

М. Яуманн DAAD жаздық тілдік дайындау курстары мен Германияда білім алуды жалғастыру стипендияларын жеңіп алған бакалавриат студенттері мен магистранттарды құттықтаған болатын. Сонымен қатар ол жиналғандарды DAAD стипендиялық бағдарламаларының шарттарымен, академиялық алмасу туралы ақпаратпен таныстырып, көптеген сұрақтарға, соның ішінде алдыңғы қатарлы технологиялар, университтер мен білім орталығы болып табылатын Германия туралы сұрақтарға жауап берді.

Кездесуде Халықаралық қатынастар факультетінің деканы К.Н. Шакиров Германия университтеріне барған кездегі өз әсерлерімен бөлісіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты нығайтуды ұсынған болатын.

Герман ғылыми-зерттеу орталығы