ҚазҰУ профессоры Сағындық Сатыбалдин Кембридж университеті халықаралық Библиографиялық орталығының айырықша ерекшелік медалімен марапатталды

04.05.2012

Көрулер: 3929

Қазақстан ғылымына әлемдік ғалымдар тағы бір марапат білдірді. Экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Сағындық Сатыбалдиннің 4 сәуір күні университетте өткен 75 жылдық мерейтойы жиынында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов ғалымға Кембридж университеті халықаралық Библиографиялық орталығының айырықша ерекшелік медалін табыс етті.


Сондай-ақ, Сағындық Сатыбалдыұлын мерейтойымен құттықтаған Серік Тұрарұлы профессорды «отандық экономика ғылымының қалыптасуына зор үлес қосқан белгілі тұлға» деп атады. Ал, салтанатты жиынның ашылуында сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов: «Сағындық Сатыбалдин елімізге ғана емес әлемге танымал ғалым. Таныстыруды қажет етпейтін, өзінің қайраткерлігімен, ғылым, білім, шәкірт тәрбиелеудегі озат ісімен лайықты бағасын алған, қоғамда мектебін қалыптастырған ұстаз-маман», - деп, құттықтау лебізін жеткізіп, С. Сатыбалдиннің иығына жапан жапты. «Сағындық Сатыбалдыұлының еңбектерін әлем ғалымдары мойындаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономиканың қайта құрылуында, жанданып, дамуында оның еңбектерінің үлесі зор болды», - деп құттықтай келген ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов ғалыммен отызға жуық аралас-құралас болып келе жатқандығын, Сатыбалдин мектебі қалыптасқанын, сол мектепті Қазақстан және шетел ғалымдары мойындағанын тілге тиек етті. Ал «әлем ғалымдарын мойындату – батыр деген атаққа лайық, - деді М. Жұрынов. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдыұлының 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынға сонымен бірге ҚР ҰҒА академигі К. Сағадиев, Алматы қалалық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, профессор Е. Шайхутдинов бастаған басқа да ғалымдар, жоғары оқу орындарының басшылары, ҚазҰУ оқытушылары да арнайы келіп, сыйлықтарын тарту етіп, жылы құттықтауларын жеткізді. Е. Шайхутдинов экономистің адамгершілік қасиетіне ерекше тоқталса, К. Сағадиев еңбекқорлығын, ізденімпаздығын тілге тиек етті.

Сонымен бірге туған күн иесіне ҚР мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құлмұхаммед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және мәжіліс, сенат депутаттарының атынан да арнайы құттықтаулар келді. Жылы лебіздердің қатарын сондай-ақ, Ресейден, Өзбекстан, Татарстан, Белорусия, Қырғызстан сияқты тағы да басқа шет мемлекеттерден келген құттықтаулар да толықтырды. Кезінде әлемдік сарапшылар С. Сатыбалдинді «әлемдік экономика ғылымына тосын құбылыс» деп атап, Қазақстан ғалымына үлкен баға берген болса, мерейтой иесінің еңбек жолы мен шәкірт тәрбиелеудегі, экономиканы дамытудағы қосқан үлесі жайында, спорт саласындағы қабілеттілігі турасында баяндаған экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева С. Сатыбалдинді «білімді ұрпақ қалыптастырудың үлгісі» деп бағалады.