Орталық пен клуб өз ойларын жеткізді

16.04.2012

Көрулер: 1828

2012 жылдың 11 сәуірінде Халықаралық қатынастар факультеті Дипломатиялық аударма кафедрасының жанынан құрылған «Инабат» рухани-мәдени орталығы (жетекшісі – доцент Б.Р. Құлжанова) мен «Тура би» шешендік клубының (жетекшісі – доцент Б. Ақбұзауова) ұйымдастыруымен «Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы білім, ғылым жайлы ойлары» атты зияткерлік сұхбат өтті.

Дөңгелек үстел түрінде өткен бұл сұхбат «ҚазҰУ студенттері 100 шығарма оқысын!» деп аталатын игі шара аясында өтті. Халықаралық қатынастар факультеті студенттерінің бұл «Құтты білік» («Kutadgu bilig») шығармасын таңдап алуы кездейсоқ емес. Ежелгі түркі халықтары ата-бабаларының соңындағы ұрпағына қалдырған жауһар мұрасы XI ғасырдан бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Дастан тұғырлы мемлекет құру, ел басқару, қоғамдағы этикет нормалары туралы тұжырымды ойлар айтқан, түркі халықтары ұрпағына өмірдің қыр-сыры туралы пікірлер қалдырған салмағы аса зор, түркі халықтарының абыройын асырған, түркі халықтары мәдениетінің соншалықты биік екенін бүкіл дүниеге паш еткен аса құнды шығарма. Халықаралық қатынастар факультеті студенттері дастан туралы өз ойларын ортаға салып, слайдтар, баяндамалар, пікірталастар жасады. Мемлекеттік тілде ғылыми стильде пікірлерін еркін жеткізе білді, жоғары деңгейдегі білім дәрежелерін көрсетті.

«Инабат» орталығының жетекшісі – доцент Б.Р. Құлжанова бұл дөңгелек үстел тақырыбының студент қауымы үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, болашақта да білім көкжиектерінің кеңеюіне тілектестік білдірді.