Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері мен оқытушылары жалпықалалық сенбілікке қатысты

07.04.2012

Көрулер: 2460

7 сәуірде «Болашақ бүгіннен басталады» атты жалпыреспубликалық акция аясында ҚазҰУ-да сенбілік өтті. 70 гектардан аса аумақты алып жатқан университеттік кампус аймағын тазарту және жинау жұмысына оқытушылар, студенттер, қызметкерлер және ЖОО басшысы бастап, барлығы 17 мыңнан астам адам қатысты. Олар арам шөптерді тазартып, ағаштарды әктеп, гүлдер отырғызып, талдар екті, қоқыстарды шығарды. Сондай-ақ, оқу ғимараттарында және жатақханаларда тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік ұйымдасқан түрде және жоғары көңіл күйде орын алды.

ҚазҰУ студенттері, университеттің жастар ұйымдары комитеті еліміздің Жастар конгресі бастауына үн қосып, «Болашақ бүгіннен басталады» акциясына қолдау танытты. Сонымен бірге 8-9 сәуірде ҚазҰУ Студенттер сенаты салауатты өмір салтын насихаттау жолында, жастарды дене шынықтырумен айналысуға және спортқа тарту мақсатында шағын-футболдан студенттік топтар арасында қалалық турнир өткізеді.

Сондай-ақ, 20 сәуірде «Көмек» студенттік волонтерлер ұйымы қайырымдылық жәрмеңкесін өткізеді, онда мүгедек балалардың қолөнер жұмыстары қойылады. Жәрмеңкеден түскен қаржыны Қаскелеңдегі балалар үйіне, қалалық интернатта тәрбиеленушілерге, «SOS» балалар ауылына табыстайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі