«КӨКЖИЕККЕ» - 10 жыл

19.03.2012

Көрулер: 2686

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубы 2001 жылдан бері аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасында жұмыс істеп келеді. Ғылыми жетекшісі - филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұсалы Ләйла Жұматайқызы. Алғашында «Отандастар» қазақ тіліндегі қарым қатынас клубы (Клуб общения на казахском языке) болып құрылып, студенттердің пікір алмасу мәдениетін, мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында құрылды. Бұл бағытта қазақ тілін үйрену сабақтары, тілдік акциялар, дөңгелек үстелдер жүргізілді. Клубтың мақсаты: студенттердің ғылыми шығармашылығын, танымдық қабілеттерін шыңдау, әдеби-рухани ізденістерін қолдау, дамыту, қазақ тілі мен әдебиетін, ұлттық құндылықтарды насихаттау, патриоттық тәрбие беру.

«КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубының құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. 2012 жылғы 16 наурыз күні филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубының 10 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. Кеш бағдарламасында өте қызықты да мазмұнды, әсерлі іс шаралар қарастырылған. Жыр мүшәйрасы, әдеби викторина, ән-жыр, презентация, О.Бөкеевтің «Кербұғы» туындысы талқыланды. Клубтың 10 жылдық тарихына шолу жасалып, есеп берілді.

Университет студенттері арасында кеңінен танымал «Көкжиек» студенттік клубының негізін қалап, оны 10 жылдан бері басқарып келе жатқан клуб жетекшісі, доцент Ләйлә Мұсалықызына тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің жетекші маманы Ш.Е. Канафьева әлеуметтік даму жөніндегі проректор Ш.Е. Джаманбалеваның атынан алғыс хат тапсырды.

Сондай-ақ Ләйлә Мұсалы клубтың белсенді мүшелеріне факультет деканы, профессор Қ.Әбдезұлының атынан алғыс хаттар тапсырды.

«Көкжиектің» мерекелік кешіне арнайы келген бұрынғы төрағалары, қазіргі ғылым-білім саласында жүрген жас ғалымдар М.Өскенбаева, Т.Тынысбек, Б. Қуаныш, Н.Елесбай, Н.Нұрәділдің клуб жұмысына табыстар тіледі.

Кешке аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі Ә.Тарақов, «КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубының бастауында тұрған ҚазҰУ-да «ТАРЛАН» атты жастар ұйымын, «ОТАНДАСТАР» қазақ тіліндегі қарым-қатынас клубын ашқан ҚазҰУ-дың ардагер ұстазы, педагог-ғалым ЕСЕНЖОЛОВА СӘУЛЕ ДҮЙСЕБАЙҚЫЗЫ, ҚазҰУ-дың ардагер кітапханашысы, «Көкжиектегі» оқырмандар конференциясына үзбей қатысып, қолдау көрсеткен НАЗИПА Малдыбаева қатысып, жастарға өнегелі сөздерін айтты.

Сондай-ақ, «Көкжиекті» 10 жылдық мерейтойымен құттықтауға Алматы қаласындағы өзге ЖОО-дағы студенттік клубтар да келді. Атап айтқанда, Алматы энергетика және байланыс университетінің «Ұлағат» ұйымы, ҚазҰТУ-дың «Бәйшешек» клубының өкілдері қатысып, ынтымақтастық үшін алғыстарын білдірді.