«Рихлокаин» талай дертке дауа

24.07.2023

Көрулер: 1493

«Елімізде фарма­цевти­калық нарықты дамытуға қабілетті тамаша ғалым­дар бар, олардың ойлап тапқан тиімді өнімдері көпшіліктің аузында жүр. Әйтсе де мемлекет пен жеке сектор мүддесі қа­жет деңгейде болмаған­дық­тан, отандық дәрі-дәр­мек өндірісі еңсе­сін тіктей алмай келеді. Қазір ішкі нарықтағы өнімнің 70-80 пайызы сырттан келе­ді. Бұл – мемлекеттік деңгей­де ойланатын келелі мәсе­ле», – дейді химия ғылы­мы­ның докторы, про­фес­­сор міндетін атқарушы Күнназ Мырзағұлова.

«Елімізде фармацевтикалық нарықты дамытуға қабілетті тамаша ғалымдар бар, олардың ойлап тапқан тиімді өнімдері көпшіліктің аузында жүр. Әйтсе де мемлекет пен жеке сектор мүддесі қажет деңгейде болма­ғандықтан, отандық дәрі-дәрмек өндірісі еңсесін тіктей алмай келеді. Қазір ішкі нарықтағы өнім­нің 70-80 пайызы сырттан келеді. Бұл – мемлекеттік дең­гейде ойланатын келелі мәселе», – дейді химия ғылымының докторы, профессор міндетін атқарушы Күнназ Мырзағұлова.

Күнназ Баймұханқызы 1971 жылы Қазақ мемлекеттік уни­вер­­ситетінің химия факуль­тетін тамам­даған. Одан кейін уни­верситеттің аспиран­турасына түсіп, ғылымның даңғыл жолына бет бұрды. Содан бері ұзақ жыл қара шаңырақ білім ордасында қызмет етіп, студенттерге білім берді. Шәкірт тәрбиеледі, «ғалым боламын» деген талай жастың ғылымдағы «тұсауын кесті». Содан кейін өзі ғұмырын арнаған ғы­лымдағы ізденісте­рінің нақты нәтижесін өндірісте көргісі келіп, осы салаға ауысты. Өндірісте жүргенде де ғалым отандық дәрі-дәрмек нарығын дамытуға бар күш-жігерін жұм­сады. Бұл салада маман тапшы екені бәрімізге аян, ұстаз-ғалым өзі де үйрене жүріп, қазақтың қаншама жасын осы салаға баулыды.

1954 жылы Күнназ Бай­мұ­хан­қызы­ның ғылыми жетек­шісі Ахметжан Шәріпқанов «Рихло­каин» деген дәрі ойлап табады. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында дәрі-дәрмек жасап шығару, оны түрлі сы­нақтан өткізу оңай емес-тін. Өндіріске енгізіп, нарыққа алып шығу туралы әңгіме қозғауға мұрша да берілмейтін сұрқай заман еді. Осындай қолайсыздау кезеңде «өмірге келген» «Рихло­каин­нің», сөйтіп, әу баста жолы болмады. Сол жатқаннан ұзағы­нан қырық жыл жатты. Алайда ұстазы Ахметжан Шәріпқан­ұлы мен Күнназ Мырза­ғұлова түбі бұл өнімнің бағы жанып, тағ­дыры оң шешілетініне сенді. Сөйтіп, ҚазҰУ қабырғасын­да зерттеу жұмыс­тарын жалғас­тыра берді. Табан­дылықпен жұ­мыс істеді. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ал­ғашқы қадамдар жасала бас­тады. Бұл кезде Күнназ Баймұ­хан­қызы жобаның белді мүшесі еді. Ғылыми жетекшімен бірге жоба мүшелері де күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеді. Мұны көріп жүрген кейбір әріптесте­рінің «Қырық жыл зертханада жатқан дәрінің кімге керегі бар, несіне ақ тер, көк тер бола­сыздар?» дегені де есінде.

Ол кезде елімізде зертхана, сынама дегеннің алғышарты бол­мағандықтан, салалық ма­ман­дар жетіспегендіктен, бас­тап­қы сы­нақ Арменияда, одан кейін Ресей­де жасалды. Аны­ғын­да, теріс­кейдегі көрші елдің Анже­ро-Судженск фар­мацевти­калық зауытында сы­налды.

«РИХЛОКАИН» ҚАНДАЙ ӨНІМ?

Күнназ Баймұханқызының айтуына қарағанда, «Рихлокаин» өкпе дертіне, ұйқы безі аурула­рына таптырмайтын ем. Меди­цина тілінде оны анестетик дейді. Зерделі ғалым «Ромат» компа­ния­сында жұмыс істей жүріп, өнер­табысты идеядан практи­каға енгізуге дейінгі процесте баға жетпес тәжірибе жинады. Әсіресе номенклатура таңдау, тәжірибе­лік-өнеркәсіп алаңын құру, тех­нологияны транс­ферлеу, өнді­ріске енгізу, клиникаға дейінгі және клиникалық зерт­теу­лер жүр­гізу, сынақ монито­рингін жасау, клиникалық сынақ хатта­ма­ларын, нұсқаулықтар әзірлеу, дәрілік заттарды құжат­тау және тіркеу ісіне жетекшілік жасау бойынша мол тәжірибе жинақ­тады. Мы­салы, басшы ретінде сол кезде қатты күйдегі 50-ден астам дәрілік заттарды (таблеткалар, капсу­лалар, ин­фузиялық ерітін­ділер) жасап, өндіріске енгізді. Соның ішінде туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер әзірленіп, клини­калық тәжірибеге енгізілді. Негіз­гі (9) және резервтік сериялардың (4), оның ішінде балалар форма­лары­ның (4) препараттары бол­ды. Сол дәрілер 2007 жылдан бері меди­циналық мекемелерге қол­да­нысқа жөнелтіліп, жоғары тиімді­лігі мен қауіпсіз екенін ай­ғақ­тады.

Осы дәрі-дәрмек түрлерінің басында біз сөз етіп отырған «Рихлокаин» тұрғанын Күнназ Баймұханқызы мақтанышпен айтады. Соңғы кездері оның құрамы жетілдірілді. Түрлі сынақ­тарда оң нәтиже көрсеткен. Анығында, «Рихлокаинді» онколо­гия­лық тәжірибеде қолдануды 2000 жылы Ростов онкологиялық орталығының онкологтері зерт­теген. Ол науқастардың имму­ните­тін емдеп, метаболикалық бұзы­лысты түзетеді. Яғни онко­логиялық науқастарды (3-кезең­де) емдеуге ықпал ететін ағзаның қорғаныс жүйесін белсендіреді, 4-кезеңде өмірді бес жылға ұзар­тады. Өкі­ніш­ке қарай, субс­тан­цияның өнді­рілмеуі салдары­нан емдеу әдісі қолданысқа енгізіл­меді. Олар өнімді Қытайда, сон­дай-ақ Ресей­де шығаруға тырысуда, алайда алғашқы қадам әзірге сәтсіз.

Кейбір медицина мекемелері оны құрт ауруына (туберкулез), онкология дертіне қарсы пай­далана бастаған. Оны қолданған науқастар аз уақыттың ішінде өзін жақсы сезініп, денсаулығы жақсарған. «Сондықтан өнімге нарықта сұраныс бар. Тіпті шетел­діктер, оның ішінде Үндістан елінің компаниялары тапсырыс беруге дайын отыр», – дейді жоба авторы Күнназ Мырзағұлова. Өнім авторының айтуынша, мәсе­лен, туберкулез дертіне шалдық­қан науқастың жанама кеселдері міндетті түрде болады. «Рихло­каин» сол жа­нама дерттерді ем­деуге де ықпалды. Осындай дерт­ке шипа беретін өнімнің әзірше жоба күйінде жатуы, әрине, жанға батпайды емес, батады. Күнназ Баймұханқызы енді жо­баны коммерцияландыру мәсе­ле­сін қолға алмақшы. «Сабақ беруден, қағазбастылықтан бас көтере алмай қалдым. Жасым да біразға келіп қалды. Бәлкім, 0,25 жүктемеге көшіп, өнімді өндіріске енгізу мәселесімен айналыссам деген ойым да жоқ емес», – дейді ғалым бізбен әңгімесінде.

Қалай болғанда да, қоғам тарапынан үлкен сұранысқа ие жобаға қолдау керек-ақ. «Бұйыр­­са, келер жылы ҚазҰУ атынан байқауларға қатысуға бел буып отырмыз», – дейді ғалым-ұстаз Күнназ Мырзағұлова.

 Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ