ҚазҰУ мұражайына «Алтын адам» экспозициясы қойылды

20.07.2023

Көрулер: 2352

Университеттің бас мұражайының экспозициясын Ұлы даланың тарихи жәдігері – «Алтын адамның» көшірмесі толықтырды.

Көшірменің авторы – суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы және жетекшісі Қырым Алтынбеков.

Екі ай бойы мұражай қызметкерлері профессор Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен «Алтын адамға» арналған экспозицияны көркемдеп, жасақтап шықты. Өкінішке қарай, бұл бастаманың тұсаукесерін әлемге "Алтын адамды" ашқан зерттеуші ғалымдардың бірі, профессор Әбдеш Төлеубаев көре алмай кетті.  

Профессор, тарих ғылымының докторы Әбдеш Төлеубаев бастаған  археологтер  қауымы  бұл  көне мұраны 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығынан тапты. «Алтын адам» біздің дәуірімізге дейінгі VII-VIII ғасырларда өмір сүрген. Алтыннан жасалған киімі оның әлеуметтік-таңбалық қызметіне сәйкес, патшаның немесе басқа да билеушінің мәртебесін айшықтайды. Ежелгі халықтардың ұғымы бойынша алтын мәңгі өмірді, қуаттылықты білдірген. Сақтар түсінігінде ескірмейтін, шірімейтін алтын зат мәңгіліктің символы ретінде болған. Оның «Алтын адам» аталуы да сондықтан.

Қазақ ғалымдары көне мәдениет қазбаларын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінен баға жетпес жәдігерлер тапты. Қазақ даласынан сондай үш «Алтын адам» табылды. Үшінші «Алтын адамды» әлемге әйгілі еткен профессор, археолог, ұстаз Әбдеш Төлеубаев еді.

Бүгінгі таңда жас ұрпақты ұлт мәдениетін, әдебиетін, тарихын, тілі мен ділін ұлықтау рухында тәрбиелеу – басты мақсат. Ұлан-ғайыр елімізде талай ғасыр бұрын өмір сүрген бабаларымыздың дүниетанымын, салт-дәстүрі мен олардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін зерттеу ұлт болмысын құраса керек. Ұлы дала топырағында ашылмаған қаншама құпия-сыр, зерттелмеген тарихи деректер жатыр.

Міне, осындай керемет жәдігерлер туралы мәліметті ҚазҰУ-дың бас музейінен көре аласыздар. Тек Шілікті, Елеке сазы, Берел аттары экспозициялары ғана емес, Тақсай мен Үржар ханшайымдары туралы тың деректерден құралған экспозицияны көруге шақырамыз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі