Сөз энергетикасы, жыр эстетикасы...

20.07.2023

Көрулер: 1132

Шығармашылық тұлғаның, на­ғыз туындыгердің басты белгі-сипаты, меніңше, даралық. Шы­найы өнер иесінің, мейлі, ол қыл­қалам шебері болсын, мейлі, оны дәулескер музыкант делік, мейлі, оны прозашы дейік, мейлі, оны керемет жыршы деп жария­лайық, негізгі ерекшелігі, өрнегі мен төлтаңбасы сонадайдан мен мұндалап тұрғаны абзал. Мен сондай өзгешелікті, өзіндік да­уыс­ты, сырлы дүниені ақын Бауыржан Әліқожаның поэзия­сынан іздеуден жалықпадым. Ақын лебізіне әсер берер теңбіл­көк теңеу, сырбаз ырғақ, ажарлы сурет, көз жауын алар пейзаж элементтерін, нақ дүниеге, руха­ни әлемге деген соны пайым мен су жаңа, мың қырлы призманы жолықтырғым келді. Әрине, мен Бауыржан ақынның өлеңдерін нақ бүгін парақтап, нақ осы сәтте саралап отырмын дей алмаймын. Бұрыннан білемін, көптен бері зер салып жүрмін. Біздің мақсұт – шәйірдің өсу үдерісі, өнер соқпағындағы бөлек жосылуын аңдау. Осы райда әр ақынның, әр суреткердің бойындағы сазды шабыт, нәрлі, назды сөз махаббат лирикасынан аңғарылып қалары ақиқат. Ностальгия, мұң мен аңсау – рухани интеллект иесінің, ақын жанның реңі қанық полот­носындай ма, қалай? Өз басым Бауыржанның мына жол­дарына құлай сенемін, қапысыз илана­мын, өйткені осындай іштей диа­лог, өткен сәтпен мұңдасу өз өмір­баянымыздан да жалт еткені бар.

Енді, сәулем, орынсыз өкпелеуің,

Берекемді кетірме текке менің.

Көктем күлген сәттерді сағынғанда,

Өткен күннен табарсың көп дерегін.

Сүю, сүйіспеншілік адам баласының маңдайына жазылған ұлы несібе, сонымен қатар қасірет пен қайғы спектрі шығар. Тағдыр-талайы деген де осы болар. Сондықтан ақын айтқандай:

Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,

Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.

Сағынышқа бөленген мұңлықтарға,

Дәрі бола қояр ма біздің өлең.

Әр қазақ үшін дала дауысы, сахара үні даусыз қымбат, қыр суреттері жанына да, жүрегіне де майдай жағады. Менің аңғаруымша (бәлкім, қателесермін):

Жұлдыздар көкті тіліп сан жиі ақты,

Толған ай тандырдағы нан сияқты.

Сал самал жар жағалай жүгіргенде,

Тербетті жаңа өскен қам қияқты, - деп айта алу тек ауылда туып, елде өскен жанның ғана қолынан келеді. Одан әргі, төмендегідей әдемі, әрлі тізбек те, әлбетте, туған жер уызына қанған ұлдың аузынан шығар лепес:

Маңдайдан сипатқызып өкпек желді,

Көгінде күн күлімдеп, көктем келді.

Жасантып дүниені шуағымен,

Жайқалтып жіберді, әне, өпкен белді.

Біз дәл бүгіндері талғамы сан тарам оқырманды байқап жүрміз, тек сымбатты баянға көз тоқтатар аудиторияны да аңдап жүрміз. Қазіргі таңда бұрынғыдай «қалың оқырман» деген ұғымды абайлап ұсынатын болдық. Дей тұрғанмен Бауыржанның өз жанашырлары, өз фанаттары барлығына менің талай кездесулерле, студенттер мен жастармен өткізілген бірқанша кештерде анық көзім жетті. Мұндай рухани үндестікті оқымысты қауым осы күні қайтарымды байланыс деп жүр. Жыры тас бұлақ көмейінен қайнап шығып жатқан автордан қолтаңба алып жатқан жастардың көзінен өз басым жігерлі ынтазарлықты, ілгерілеу динамикасын, жайдары сезімді шалып қалғандай болдым. Тіпті жақында ғана бір студентімнің жұрт алдына шығып:

Түнгі бұлттар жауынын бүркіді де,

Кер даланың шық қонды кірпігіне.

Шоқ гүлдердің жанары тұр жәудіреп,

Алып ұшқан сезімін іркіді не?!

 

Тиын көз, таңғы шықтай мөлдіреген,

Мысалы, қарашықтай көл бір өлең.

Мөлтілдеп түннің жасы жерге сіңер,

Қылмастан қағып түскен желді де елең, - деп Бауыржанның өлеңін оқығанда, біреу бүйірімнен түртіп қалғандай терезеден тысқа жалт қарағаным есімде. Бұл енді сөз энергетикасы, жыр эстетикасы шығар.

Бауыржан ақынның мынадай жолдарын мен сүйсіне де қызыға қабылдадым. Тіпті өз жанымнан шыққандай жақын тарттым.

Жаңбыр жауып тұр әне қар аралас,

Құбылыстар басталды далада оғаш.

Көктем күнін аңсайды бүрсең қағып,

Жаутаңдайды жапырақсыз жалаң ағаш.

Әрі қарай барлап байқайық.

Жер бетінен жоғалғандай үйлесім,

Көріксіздік теңдеп апты күймесін...

Қабағымнан кірбің көріп, мұңданып,

Табиғат та сұстандырды-ау бейнесін.

Расында, Батыс импрессионизм классик сурет­шілері туындысындай емес пе? Жоқ, олай емес. Өзіндік бояу мен діріл бар. Айта берсек, ақын мұқым галактиканы, он сегіз мың ғаламды мөлдіреген бір тамшыға сыйғызып жібереді.

Солғын тартқан ғаламнан аңғарылып,

Қылтияды бұлдырап жанған үміт.

Дөңгеленген бақылап дүниені,

Миллион көздер тұр әне талға ілініп.

Бауыржан ақын оқырмандарын (әрине, мені де) тосын тіркестерімен, теңеулерімен таң қалдырады, тәнті етеді. Тізіп, тізбелеп көрелік: «қара қайғы бастадың ба-ей ырылдай», «күлкісімен сұлудың жылынғанбыз», «біз осында тастап кеткен бақытты, мына екі жас ұстап отыр аялап», «көзіме түсті қолдағы меңің, ай бетіндегі дақ құсап», «неге мені айналдыра бересің, ақ апамның қолындағы ұршықтай», «дала ұйқыда, у-шуы тынышталған, жатақта – өмір құралған дыбыстардан», «сезімдерді үркітіп кетуші еді, тепкішектен адамдар мініп, түскен».

Бауыржанның жырлары сонау бір жырақта қалған аяулы күндерді, алыстан қылаң берген көмбе-сырларды оятып кетті. Сол себептен оған қосыла неге:

Еһ, төртінші қабатта тұратын қыз,

Өзің барда болмайтын мұратым күз.

...Сол екеуміз сыр шертіп, арманды айтып,

Қала ұйқысын күзетіп шығатынбыз, - демеске?

Иә, сол себептен тағы да Бауыржан жыршыға дауыс қоса:

Шебері мезгіл тәнді үгітудің,

Нең қалар жамай берсе күні-түн мұң.

Күдіктің әуресінен тоңғаныммен,

Жылынам сәулесімен үмітімнің, - дегім келеді.

Поэзияның мұнтаз үміті, қазақтың сөз құдыреті өзіңді алға жетелей берсін, өрлей бер, ақын Бауыржан! 

Кәкен ҚАМЗИН,

жазушы,

Филология ғылымдарының докторы, профессор