Газеттің форматы өзгеріп, штаты бекітіліп, каталогке енді

19.07.2023

Көрулер: 1050

Университетке келген соң, екі жылдан кейін «Qazaq universiteti» газетіне жауапты болып тағайын­далдым. Әлемге әйгілі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің төл газетінің ол кезде пішімі А4, көлемі кейде 4, кейде 8 бет екен. Газет емес, ақпа­раттық бюллетень сияқты. Екі-үш санын сол форматта түрлендіріп шығарып көрдік. Бірақ облыстық, республикалық газеттерде бөлім редакторы болып қызмет етіп келген менің көңіліме мына тірлік олқы соқты. Газетті өзгерту ке­рек! Алдымен ұстазым әрі басшым Намазалы Омашевқа өз ойымды айттым. Ол кісі бірден қолдады да, бірінші проректорға жіберді. Газеттің болашағын ақыл­дасу мақсатымен алғаш барған мені Ержан Байғожаұлы жылы қабылдады. Сабырлы, әр сөзін байыппен нақты айтатын кісі екен.

– Сонда бұл газетке не керек? – деп сұрақты бірден төтесінен қойды.

– Алдымен штат керек.

– Онда штат бар еді ғой.

– Жоқ. Ол штат баспаныкі. Баспаның бір қызметкері қосым­ша газеттің жауапты хатшысы болып жүр. Бары сол.

– Енді?

– Еліміздегі ең беделді универ­ситеттің газеті мұндай болмауы керек.

– Нақты қандай ұсынысың бар?

– Газеттің дербес редакция­лық ұжымын құру керек. Ол үшін бас редактор, оның орынбасары, жауапты хатшы, тілші, корректор, беттеуші-қалыптаушы деген қызметтік штаттар ашуымыз ке­рек.

– Сонымен мәселе толық ше­шіле ме?

– Жоқ.

– Басқа..?

– Газет редакциясының дер­бес ережесін жасау керек, – дедім.

– Қызметтік нұсқаулық бар емес пе?

– Ол тек жауапты хатшыға ғана қатысты. Жалпы редакция­лық ұжымдыкі жоқ.

– Тағы?..

– Газетті республикалық мер­зімді басылымдар катологіне тір­кетіп, жаппай жазылу мәдениетін қалыптастырғанымыз жөн. Егер әр факультет 30 данаға жазылса, онда газет өз шығынын жабады.

– Түсіндім. Онда сіз былай істеңіз. Осы маған айтқан ұсыны­сыңызды негіздеп, қағазға түсірі­ңіз де, алдағы болатын ректорат жиналысында баяндауға дайын­далыңыз. Газет жұмысы туралы есеп университет Ғылыми кеңе­сінің жылдық жоспарында тұр. Мен ректорға айтып, күн тәртібіне ұсынайын, – деп қолымды алды.

Кеңес заманындағы әміршіл­дік-әкімшілдік психологияның бо­данында өскен маған бірінші проректордың мына қабылдауы жанымды жадыратып жіберді. Таңданысым да, разышылығым да аралас көңілмен қуана қош­тасып, есіктің сыртына шыға сала кері бұрылып, «мына жайдары жанның толық аты-жөні кім екен» деген оймен тақтайшаға көз сал­дым. «Бірінші проректор Ержан Байғожаұлы Жатқанбаев, эконо­мика ғылымының докторы, про­фес­сор...», әрі қарай оқып жатпа­дым, «экономика» деген сөз са­намда сақталып қалды. Саласы бөлек маманның баспасөзге де­ген жанашырлығы қандай кере­мет деп сүйсіндім.

Ректорат мәжілісінде газет редакциясын құру және газетті жақсарту туралы ұсыныстарымды асықпай баяндап шықтым. Бірін­ші проректор қойған сұрақты ректор да қойды. Кадр бөлімінің бастығынан:

– Газетте штат жоқ па еді? – деп еді, кадр бөлімінің бастығы:

– Ол бюллетень болған соң, баспаның бір қызметкерін жа­уап­ты қылып, жауаптылығы үшін жарты жүктеме қосып бергенбіз, – деді.

Ректор Көпжасар Нәрібаев ұсы­ныстың бәрін қолдайтынын айтып, «газетті жақсартыңдар» деп, ісімізге сәттілік тіледі. Содан университет жанынан шығатын «Qazaq universiteti» газетіне мен – бас редактор; Бекжан Әшірбаев – бас редактордың орынбасары; Дариға Амангелдиева – жауапты хатшы; факультеттің дарынды студенттері мен магистранттары – штаттан тыс тілші-корректор; Айткүл Бабасова – беттеуші-қалыптаушы боп қызмет атқара бастадық. Газеттің форматы бұрынғы А4-тен А3-ке ауысты, көлемі 8 бетке ұлғайып, ай сайын тұрақты түрде шығып тұрды әрі мерзімді басылымдар катологіне енгіздік, жазылу жолға қойылды. Университет газетіне жазылуды декандар ішінен бірінші болып қолдаған Нарғозы Данаевтың азаматтығы әлі күнге есімнен кетпейді. Жаны жәннатта бол­сын... Газет ұжымы газетті, газет арқылы университетті наси­хаттау мақсатымен білім ордаларында, өнер ошақтарында кездесулер өткізіп тұрды.

Сөйтіп, жұмыс біршама жолға қойылғаннан кейін басшылыққа газет ісін жандандыру және заттық-техникалық базасын жақ­сарту жөнінде арнайы хат жазып, бас редакторлықтан босатуды сұрандым да, орныма Бекжан Әшірбаевты ұсындым. Ұсынысым қабылданып, менен кейін га­зеттің бас редакторлық қыз­метін Бекжан Әшірбаев жалғастырды.

БАҚ саласында өзіндік орны бар басылымның тарихына қа­тыс­ты осы естелігімді айта отырып, газет ұжымын мерей­той­ларымен құттықтаймын! Аман­дық-саулық, шығармашылық та­быс тілеймін!

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,

«Qazaq universiteti» газетінің 1999-2001 жылдардағы бас редакторы