VOLT командасының жаңа жобасы

19.07.2023

Көрулер: 1017

ҚазҰУ студенттері Күн энергиясын өндіруді бақылауға арналған VOLT бағдарламалық жүйесін әзірледі. Бұл стартап жоба Күннен алынатын энергияны арттыруға бағытталған. 

Анығында, VOLT бағдарла­масы панельдерді Күн энергия­сының түсуіне қарай оңтайлы орналас­тыруға бағыттайды. GPS техноло­гиясы қолданыла­тын бұл жүйе әлемдегі бүгінгі энерге­ти­калық дағдарыс қаупі жағда­йында аса өзекті.

«Біздің өнертабысымыз кез келген жерде күн сәулесі түсетін «көтерілу бұрышы бар» деген қағидаға негізделген. Біз осы стартаптың сұранысқа ие бола­тынына көз жеткіздік. Өткен жылдың желтоқсанында еліміз­дің энергетикалық жүйесінде өнім тұтынудың айтарлықтай өсімі байқалды. 2022 жылы 7 желтоқ­санда ел тарихында тұ­тынудың аб­солютті өлшемі 16 459 ме­гаватт болып тіркелді. Ал отандық электр стансаларының жиынтық генерациясы тек 15 203 ме­гаватт, яғни тапшылық Ресейдің электр жүйесінің жос­пардан тыс ағындары есебінен өтелді. Қазақ­стандықтар энер­гия­ны дүниежү­зіндегі орташа деңгейден екі есе және Еуро­палық одақ елдерін­дегіден әлде­қайда көп тұтынады», – дейді жоба авторларының бірі, Эко­номика және бизнес жоға­ры мек­тебінің 3-курс студенті Асан Әбдірахым.

Жобадан күтетін нәтиже – Күн көзінен барынша қуат алу. Ал жаһандық миссиясы – еліміз бен әлемнің таза жасыл энер­гияға көшу процесін жеделдету. Қазір бағдарламалық жүйе тә­жі­ри­белік күн панельдерінде сыналуда.

Жас ғалымдар биыл осы жо­баға қосымша жел генера­торының параметрлерін қарас­ты­руға мүмкіндік беретін ком­пью­терлік модель құруды жос­пар­лап отыр. Мұндағы мақ­сат – турби­налардың қуат коэф­фициентін арттыру. Бұл бағ­дарла­малық кешенді виртуал­ды зертхана құру үшін пайдалануға жол ашады.

Өнертапқыш жастар үш жыл ішінде Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азияда күн мен жел энергиясын алу ісін барынша арт­тыру үшін технологиялар ұсы­­натын жетекші компания болуды мақсат етеді.

VOLT командасының ғылыми жобаларды жүзеге асыру тәжі­рибесі бар. Бұған дейін студент­тер Вattery Recycling – литий аккумуляторлар мен батарея­ларды утилизациялаудың зама­науи технологиясы стартапымен айналысқан.  

Гүлзат Табын