ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ТҮРКІТАНУШЫ ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

05.07.2023

Көрулер: 1753

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Алтай халықтарының жер-су атаулары» атты ХІ халықаралық симпозиумына арнайы келген белгілі түрколог ғалымдармен кездесу өткізді.

Делегация құрамында Алтай симпозиумдары комитетінің төрағасы, профессор Илхан Шахин, Түркия мәдениет және туризм министрінің кеңесшісі Әли Ихсан Чағлар, экология, урбанизация және климаттың өзгеруі министрінің кеңесшісі Тугрул Чамаш және Эгей университетінің өкілі Фикрет Туркмен бар.

Әңгіме барысында еліміздегі және әлемдегі түркітану саласының дамуы сөз болып, түркологияның өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында оқу ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға университет туралы ақпарат беріп, ҚазҰУ жетістіктерін айтып өтті. Өз сөзінде университет басшысы түркологияның өзекті мәселелері бойынша ҚазҰУ ғалымдарының ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келе жатқанын атап айтты. Бүгінде университетте Түркітану және тіл теориясы кафедрасы табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ оқу ордасының базасында Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді.

Өз кезегінде құрметті қонақтар қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылықтарын білдірді. Ғалымдар ҚазҰУ-дың зор әлеуетін ерекше атап өтіп, өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Алтай халықтарының жер-су атаулары» атты ХІ халықаралық симпозиумы өтуде. Симпозиумның мақсаты – ежелгі заманнан бүгінге дейін жазбаша және ауызша жеткен дереккөздерді кеңінен зерттеу, тайпалардың, жер-су атауларының фонетикалық және морфологиялық өзгерістерінің себептерін талдау және ғалымдардың халықаралық ынтымақтастық траекториясын кеңейту. Шараға Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Жапония, Венгрия, Польша, Тайвань және т.б. елдердің ғалымдары қатысқан болатын.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі