ҚазҰУ түлектері диплом алды

03.07.2023

Көрулер: 5597

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика және заң факультетінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті.


Салтанатты шарада университет басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, еңселі орданы бітіруші түлектерге жылы лебізін білдірді.

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отаншыл, еңбекқор, адал әрі интеллектуал жастар легін тәрбиелеуді басты ұстаным етіп келеді. Биыл оқу орнын  8974 түлек бітірді. Оның 6758-і – бакалавр, 1774-і – магистр, 442-сі доктор дәрежесін алды. Бүгін заң факультетінің 328 түлегі, ал журналистика факультетінің 101 түлегі, 52 өнер ғылымдарының магистрі жас маман атанды. Бүгінгі бітіруші түлектеріміздің арасында үздік студенттеріміз көп. Сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары да бар. Дана халқымыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаған. Сіздер қара шаңырақ қабырғасында білім алумен қатар, университетте өткізілген қаншама игілікті шаралардың бел ортасында жүріп, мол тәжірибе жинадыңыздар. Өздеріңізді игілікті қоғамдық бастамалардың ұйымдастырушысы ретінде қалыптастыра алдыңыздар. Тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі жолында атқаратын кәсіби ізденістеріңіз бен зерделі еңбектеріңізге жемісті жетістіктер тілеймін», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан түлектерге дипломдар табыстады.

Сондай-ақ шара барысында факультет декандары, арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, түлектерге сәт-сапар тіледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі