ҚазҰУ-да білім беру жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды

30.06.2023

Көрулер: 1564

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан – Ресей: білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер, инновациялар және мүмкіндіктер» атты халықаралық конференция өтті. Шараға ҚазҰУ басшылығының, қазақстандық және ресейлік жоғары оқу орындарының өкілдері, білім беру саласындағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.


Іс-шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. «Біздің конференция жетістіктер және болашаққа арналған жоспарлармен алмасу алаңы болып табылады, – деп атап өтті ЖОО басшысы. – Әркім өзіңе сырттан қарауға, білім беру кеңістігіндегі орынды анықтауға мүмкіндік бар. Әрине, бұл жерде әріптестерді тыңдап, өзара тиімді ынтымақтастық жолдарын білу маңызды».          

  

Қатысушыларды университеттің қызмет бағыттары және жетістіктерімен таныстыра отырып, ректор ҚазҰУ-дың РФ жоғары оқу орындарымен орнатқан қарым-қатынастарына тоқталды. Бүгінгі таңда Ресейдің 140 университетімен 195 келісімге қол қойылды. ТМД Желілік университеті аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ресей халықтар достығы университетімен, Санкт-Петербург мемлекеттік университетімен, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетімен, Алтай мемлекеттік университетімен және Оңтүстік Орал мемлекеттік университетімен бірлесіп қосдипломды білім берудің магистрлік бағдарламаларын іске асырады. Қазіргі уақытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жатқан Ресей Федерациясының 53 студентінің 11-і білім беру гранты бойынша, ал келісімшарт негізінде 42 студент білім алуда.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылып, онда бакалавриат және магистратура бойынша білім бағдарламалары іске асырылуда.


«Біз Қазақстанның Ресей университеттерімен халықаралық мәдени-білім беру интеграциясын дамытуға мүдделіміз», – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

Отырыста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, Қазақстан Республикасындағы Ресей ынтымақтастық өкілдігінің басшысы Ольга Филонова, Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Ермек Бөрібаев, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының халықаралық қызметі жөніндегі проректоры Полина Немировченко және т.б. сөз сөйледі.

Конференция барысында білім беру жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері, инновациялық әдістемелер мен мүмкіндіктері талқыланды.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі