ҚазҰУ-да «ХХ ғасырдың басындағы Отан тарихының өзекті мәселелері» атты конференция өтті

29.06.2023

Көрулер: 1616

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу ордасы қызметкерлерінің «Парасат» кəсіподақ ұйымының төрағасы, профессор Талғат Мекебаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Отан тарихының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Іс-шараға университет басшылығы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, Талғат Құмарғалиұлының әріптес-достары, белгілі ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты. Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Ректор өз сөзінде Талғат Мекебаевтың еңбек жолына тоқталды.

«Талғат Мекебаев – қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 1990 жылғы түлегі. Еңбек жолын оқу ордасындағы Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында ассистент болып бастаған. 1996 жылы «Қазақстандағы Уақытша үкімет органдарының қызметі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Талғат Мекебаев 1986-87 жылдары Чернобыль АЭС апатын залалсыздандыруға қатысты. Әр жылдары тарих факультеті деканының орынбасары, факультеттің сырттай оқу бөлімінің деканы қызметін абыроймен атқарды. 2000-2011 жылдар аралығында бірінші проректордың орынбасары, оқу жұмысы жөніндегі проректордың көмекшісі болып еңбек етті. 2011 жылдың ақпан айында ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымының төрағасы болып тағайындалып, бүгінге дейін жемісті қызмет етіп келеді. Табандылығы мен біліктілігінің арқасында қарапайым қызметкерден басшы лауазымына дейін көтерілді», – деді ректор.

Талғат Мекебаев 100-ге жуық ғылыми жұмыстар мен кітаптардың авторы. 2019 жылы профессор Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. 2020 жылы Талғат Мекебаевқа тарих мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.

Сондай-ақ 2020 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері. Қажырлы еңбегінің арқасында Талғат Мекебаев көптеген медаль және ордендермен марапатталған.

Дөңгелек үстел отырысында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Күлғазира Балтабаева, тарих факультетінің деканы Досбол Байқонақов, тарих ғылымының кандидаты Фатима Қозыбақова және өзге де тарихшы-ғалымдар баяндама жасап, Талғат Құмарғалиұлының қайраткерлік және басшылық қырын ерекше атап өтті.

Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

                                 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі