ҚазҰУ-ға Түркия университеттерінің өкілдері келді

22.06.2023

Көрулер: 1709

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Түркия ЖОО-ларының өкілдері арнайы келіп, білім ордасының қызметімен танысты.

Делегация құрамында Түркияның сыртқы экономикалық байланыстар кеңесі (DEIK) директорлар кеңесінің мүшесі, Ыстамбұл коммерциялық университетінің профессоры Али Алтуг Бичер, Түркия Республикасы Сауда министрлігінің сарапшысы Айхан Буйүктүрік, Қызметтерді экспорттаушы қауымдастығының директоры Мұрат Таскин, Бейкоз университеті бас хатшысының орынбасары Мелике Тюмен, Бейкоз университеті ректорының кеңесшісі Мұстафа Мелек, Фенербахче университеті халықаралық байланыс басқармасының басшысы Кемал Еген, Халич университеті халықаралық байланыс басқармасының директоры Седа Халич, Измир экономикалық университеті халықаралық байланыс басқармасының басшысы Хуля Инджекара және Йедитепе университетінің профессоры Мехмет Торун бар.

Алдымен құрметті меймандар ҚазҰУ музейі мен Жағдаяттық басқару орталығын аралап, жұмысымен танысты. Кейін делегация мүшелері Экономика және бизнес жоғары мектебінде болып, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамымен және декандарымен шағын құрамда кездесу өткізді.

Жүздесуде Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Лейла Бимендиева қонақтарға университеттің тарихы мен жетістіктері туралы ақпарат берді.

Өз кезегінде Түркиядан арнайы келген делегация мүшелері ҚазҰУ-ға шақырғаны үшін университет басшылығына және ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, ҚазҰУ Түркиядағы 20-дан астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Екіжақты келісімдер аясында соңғы екі жылдан бері оқу ордасының 200-ге жуық студенті мен 80-нен астам оқытушысы Түркиядағы университеттердің түрлі іс-шараларында болып, бірлескен ғылыми зерттеулерге қатысты. Сондай-ақ Түркияның Ыстамбұл қаласында ҚазҰУ-дың филиалы ашылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі