Дзюдодан ҚазҰУ құрамасы XII жазғы универсиадада 1-орын алды

22.06.2023

Көрулер: 1706

Ақтауда 12 мамырдан бері өтіп жатқан ҚР жоғары оқу орындары арасында XII жазғы универсиада ойындарының жарыстарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дзюдо командасы ерлер мен әйелдер арасында бірінші орынды иеленді. ҚазҰУ спортшылары бірнеше кездесулер өткізіп, басқа құрама командалардан озды. Дзюдо команда мүшелері: заң факультетінің 1-ші және 3-курс студенттері – Бауыржан Нарбаев пен Сұңғат Жұбатқан, медицина және денсаулық сақтау факультетінің 3-курс студенттері Дархан Қойбағар және Шынтас Серікболсын жеңіске жету үшін табандылық көрсетіп, 1-орынды жеңіп алуға үлкен үлес қосты. ҚазҰУ-дың қыздар командасының спортшылары да сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде өзге университеттердің барлық қарсыластарын жеңіп, 1-орынды медицина және қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің 3-курс студенті Мөлдір Нарынова иеленді.

ҚазҰУ дзюдо құрамасында 11 спортшы бар, оның бесеуі 1-орынды жеңіп алса, қалған алты команда мүшесі де жүлделі орындарды ұтып алды. Сонымен, жарыстарда өз өнерлері мен шеберлігін көрсете білген медицина және денсаулық факультетінің 3-курс студенті Айбар Мұқышев, медицина және денсаулық факультетінің 2-курс студенттері Диана Бүркеева мен Ақдана Ақбастау 2-орынның жеңімпаздары атанды. Медицина және денсаулық сақтау факультетінің 2-курс студенттері Аружан Ережепова, Гүлнаст Нұрдинова, Саера Мирзахметова бірқатар жекпе-жектерде қарсыластарын жеңіп, 3-орынды иеленді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт клубының аға оқытушылары және жаттықтырушылары – Нұрғалым Темірұлы және Лаура Сабырбекова студент-спортшылар жақсы дайындалғанын атап өтті. Спортшылар қарсыластарымен болған жекпе-жекте жақсы өнер көрсетіп, ҚР жоғары оқу орындарының көптеген командаларын басып озып, финалда жеңіске жетті. Естеріңізге сала кетейік, XII жазғы универсиадаға еліміздің 55 университетінен 3000-нан астам спортшы қатысуда. Спорттық жарыстар 17 спорт түрінен өтуде және 24 маусымға дейін жалғасады. Универсиада жеңімпаздары 28 шілде мен 8 тамыз аралығында Қытайда өтетін XXXI дүниежүзілік жазғы универсиадаға және қыркүйекте Түркістанда өтетін II түркі универсиадасына жолдама алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі