Түркі әдебиетін танытушы

21.06.2023

Көрулер: 917

Филология ғы­лы­мы­ның кандидаты, қауымдастырылған профессор Болатхан Сарбасов – тәжіри­бе­лі ұстаз, көне түркі әдеби ескерткіштерін зерттеуші, әдебиет­тану­шы ғалым. Білім беру жүйесіндегі заманауи жаңа инно­ва­­ция­лық техноло­гия­ларды игеру, сондай-ақ жас педагог ма­мандар­дың бойын­да рухани ұлттық адам­гершілік құндылық­тар­ды дамыту – ұстаздың басты қағидасы. 

Салауатты да саналы ұрпақ қа­мын ойлар болсақ, жас ұрпақты ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақ­тауға, ақыл-парасаты мол, ізетті, кішіпейіл мәдениетті азамат етіп тәр­биелеуде Болатхан Серға­зы­ұлы­ның атқарған еңбегінің куәсі болып жүрміз.

Осы жерде ғалым-ұстаздың өмір дерегіне қысқаша тоқтал­ған­ды жөн көріп отырмыз. Бо­лат­хан Сарбасов 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысының Самар ау­д­аны Көкжота ауылында дү­ниеге келген. Мектепте озат, тәр­тібі түзу, белсенді шәкірт Болат­хан Серғазыұлы арман қуып Ал­матыға жол түскенде ҚазҰУ-дай қара шаңырақта білім алу бағы бұйырады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филоло­гия факультетін (1998 ж.), одан кейін магистратурасын (2000 ж.), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспи­ран­турасын (2004 ж.) бітірген.

Болатхан Сарбасовтың негізгі ғылыми бағыты – ежелгі дәуір әдебиетіндегі көне түркі ескерт­кіш­терінің зерттелу тарихы. Шы­ны керек, ғылымның бұл сала­сы­на екінің бірі жолай бермейді. Өйткені көне әдеби ескерткіш­тер­дің, оның ішінде түркі жәдігер­ле­рінің шежіресін, тарихын зерт­теу, зерттелгенді зерделеу жеңіл шаруа емес. Бұған терең білім мен үздіксіз ізденіс керек. Біраз уақыт тәлім мен тәжірибе жи­нақ­таған білікті маман 2010 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Фольк­лор­тану» мамандығы бойынша «Оғыз-наме» – кітаби эпос ес­керт­кіші» атты кандидаттық дис­сер­т­ациясын қорғады. Осыдан кейін оның ғылымдағы даңғыл жолы ашылды.

Болатхан Серғазыұлы про­фес­­сор міндетін атқарушы, ҚР ҒЖЖБМ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының және «Қазақстан Республика­сы­ның еңбек озаты» төсбелгісінің иегері.

2003-20 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педа­го­гикалық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында қауым­дас­­тырылған профессор қыз­ме­тін атқарды. 2019-20 жылдары осы университеттің Филология инс­титутында Қазақ әдебиеті ка­федрасының меңгерушісі болды.

2019 жылдан бастап Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафе­дра­сында профессор міндетін ат­қа­рушы қызметінде магистранттар мен докторанттарға дәріс оқиды. ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдіс­темелік кеңесінің ұсынуымен «Ма­хамбет Өтемісұлы шығар­ма­ларының көркемдік сипаты» (оқу құралы, «Оғыз-наме» – кітаби эпос ескерткіші» (монография), «Рухани тәрбие әлемі» (әдісте­ме­лік тәрбие құралы), «Ежелгі дәуір әде­биеті» (оқу құралы), «Қытай­да­ғы қазақ әдебиетін оқыту әдіс­темесі», «Ежелгі дәуір және түркі ха­лықтары әдебиеті» (электронды оқулық) бағдарламаларын жаз­ды. Қазақ тілі мен әдебиеті курсы бойынша бейіндік бағдарла­ма­лары, ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің ұсы­нуы­мен «Ежелгі дәуір және түркі ха­лық­тары әдебиеті» (оқу құ­ралы), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (оқу құралы), «Абайтану» бағдар­ла­масы (9-сынып), «Жамбылтану» бағдарламасы (9-сынып), ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің ұсынуымен «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» (оқулық) және 170-тен аса ғылыми зерттеу еңбектер мен ғылыми мақала­лар­дың авторы атанды.

Өзінің тәжірибелі ұстаздық шеберлігімен Болатхан Серға­зы­ұлы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін ме­рей­тойлық «Құрмет белгісі» ме­далімен, ҚР «Өрлеу» білім-ғылым технология интернет порталы білім беру саласында айрықша еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз» төс­бел­гісімен және білім саласына қос­қан елеулі үлесі үшін ҚР Тәуел­сіздігі мерекесіне орай, рес­пуб­ликалық «Білім шыңы – ғылым сыры» журналы ұйымдастырған «Мәңгілік елдің мәртебелі мұға­лі­мі» жобасының арнайы меда­лі­мен марапатталды.

2018 жылы білім беру сала­сын­дағы ерекше еңбегі үшін «Ы.Ал­тынсарин» медалін кеу­де­сіне тақты. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығында «Білім және ғы­лым қызметкерлерінің кәсіп­ода­ғына сіңірген еңбегі үшін» күміс медалінің иегері атанды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2022 жылғы «Жо­ғары оқу орнының үздік оқы­ту­шысы» атағының иегері. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» куә­лігімен және медалімен ма­рапат­талды.

Таяуда ҚР «Bilim-orkenieti» ұлт­тық инновациялық ғылыми-зерт­теу орталығы ұйымдастырған «ҚР еңбек озаттарының алтын кі­табы» атты республикалық бай­қаудың жеңімпазы болды. Білім және ғылым саласының дамуына қос­қан елеулі үлесі мен мінсіз қызметі үшін «Қазақстан Респуб­ли­касының еңбек озаты» төс­бел­гісінің иесі атанды.

Бар өмірін білім саласына арнаған Болатхан Серғазы­ұлы­ның ұстаздық қызметі, қара­пайым қажырлы еңбек жолы өс­ке­лең ұрпақты тәрбиелеудің шы­­­найы үлгісі екені даусыз. Ға­лым-ұстаздың білім саласын­да­ғы ұзақ жылғы еңбегін жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне, сана­лы азамат, парасатты тұлға бо­лып қалып­та­суы­на қосқан зор үлес деп біле­мін.

Жоғарыда біз атап өткен ғы­лыми жұмыстар қажырлы ең­бек­тің арқасында өмірге келген құн­ды дүниелер. Ал марапат бел­­­гі­лері әдебиеттанушы ға­лым­ның маңдай терінің өтеуі. Өйткені ғылым жолы – өте күрделі, сан қатпарлы жол. Оған ізденіс, ең­бек­пен бірге, мықты жүйке де керек.

Қорыта айтқанда, ғалым, ұла­ғат­ты ұстаз Болатхан Серғазы­ұлы­ның өмір белестерінде қа­жырлы еңбекпен жеткен же­тіс­­тіктерін мақтанышпен жас­тарға үлгі-өнеге ретінде на­си­хаттау, бүгінгі жас ұрпақтың ой-санасына сіңіру баршамыздың міндетіміз деп білемін.


Гүлназ ДӘУІТОВА,

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының

аға оқытушысы, PhD