Орман өртінің экологияға зияны

19.06.2023

Көрулер: 1351

Алапат өрт барысында Семей орманы отқа оранды. Бұл өте өкінішті жағ­­дай. Апаттан 15 адам қайтыс болып, 60 мың гектар орман өрт құшты. Осы ауыр жағдайға байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылған отбасы­лар­­ға барып көңіл айтып, мемлекет тарапынан оларға көмек бері­ле­тінін жеткізді. Соны­мен қатар 12 маусым «Жалпыұлттық аза тұту күні» болып жариялан­ды. 

Төтенше жағдай дегеніміз – адамдардың қаза табуына әкеліп соққан немесе әкеліп соғуы мүм­кін, адамның денсаулығына, қор­ша­ған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан кел­тірген немесе келтіруі ықти­мал, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығынға ұшыра­тып, тіршілік жағдайын бұзған не­­месе бұзуы мүмкін апат, зілзала немесе апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдай.

Қазақстан Республикасы ау­ма­­ғында мынадай апаттар бо­луы мүмкін: жер сілкінісі, сел, қар көш­­­­кіні, сырғыма, дауыл, су тас­­қы­­­ны, бұрқасын, өрт.
Осы­н­­­­дай табиғи апаттардың бірі бүгінгі таңда өзіміз куә болып отырған Семей орманы өрттері.

Жалпы, «Семей орманы» мем­лекеттік орман қорығының ау­да­ны – 654 179,8 гектар. Гео­гра­фиялық тұрғыдан қорық аумағы Ертіс жазығы, Көкпекті-Шар тау­ла­ры мен Шыңғыстау таулары ше­гінде орналасқан. Таспалы қа­ра­ғайлы ормандар Шығыс Қа­зақ­стан облысының солтүстік-ба­тыс бөлігінде орналасқан. Бе­генев, Бородулиха, Бөкебаев, До­лон (жазық ормансыз), Жаңа­семей, Канонер, Морозовский, Жаңа Шүлбі, Семей (жазық ор­ман­сыз) тармақтарының ау­мақ­тары дала зонасына жатады.

Аумағы мынадай өсімдік түр­ле­рінің бірегей үйлесімімен си­патталады: дала, орман, шөл, бұ­та­лы, шалғынды және батпақты. Ер­тіс өңірінің ленталы орман­да­рында жоғары сатыдағы өсім­діктер флорасы 201 тұқымдас пен 61 тұқымдастың 344 түрі ар­қылы қалыптасқан. Флораның негізін ангиоспермділердің 340 түрі құрайды, оның ішінде: қос жарнақтылар – 80,59 пайыз (274 түр), біржарнақтылар – 19,41 пайыз (66 түр).

Қарағай, қайың және көктерек ормандарының далалық бел­деу­де орналасуы бұл аумақтың біре­гей құбылысы болып саналады. Дала зонасында орманның болуы судан, желден т.б. қорғайды және оның эстетикалық маңызы зор. Мұнда ормандар құмда және жер­асты сулары жақын жерде кең тараған. Мұндай аумақтардың әдеттегі ландшафты – қарағай немесе көктерек-қайың орман­да­ры мен құмды даланың кезек­те­суі.

Құстардың ішінде қараторғай, боз кекілік, дала қыраны, дала қар­шығасы, суқоймаларында су­да жүзетін құстар басым. Жарма тармағының аумағында арқар, сі­леусін, қарақұйрық, суыр, қо­ңыр аю көптеп кездеседі.

Қорық аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кіта­бы­на енген жануарлар – қара ләй­лек, аққу, қарақұйрық, бүркіт, ақ­құйрық, ақбас сұңқар, тырна, қарақұйрық, жылан жегіш, көк қаз, қасық тұмсық, арқар, қызыл құстар бар.

Қорық аймағында жеті отряд­қа жататын балықтың 25 түрі бар. Қазақстанның Қызыл кітабына төрт түрі – таймен, нельма, сібір бе­кіресі және балқаш алабұғасы енген.

Осыншама табиғаты бай Се­мей орманының өртке орануы өте өкінішті жағдай. Соңғы 10 жыл­да Қазақстан аумағында бол­ған дүлей апаттардың хроно­ло­гиясын, оның ішінде орман өрт­те­ріне қатысты мәліметтерге шо­лу жасасақ, бұдан бес жыл бұрын да аталған орманды өрт шалғанын кестеден байқауға болады.

Орман өрті кезінде 1 тонна өсім­дік жанғанда атмосфераға 125 келі көміртегі оксиді, 12 келі көмірсутек, 2 келі азот оксиді және 22 келі көмір шаңы бө­лінеді. Түтін шығарындыларына әр­түрлі токсиканттар, соның ішін­де ауыр металдар мен жасанды радионуклидтер жатады. Ірі ор­ман өрттерінде радонның апатты эманациясы орын алады, оның өнімдері радий изотоптары (RaA, RaB және RaC) болып табылады. Олар ондаған минут өмір сүреді, сондықтан жасанды радио­нук­лид­термен, ауыр металдар және ор­ганикалық қосылыстармен бір­ге тыныстаған кезде орман өрт­терін сөндірумен айналысатын мамандарды қорғау құрал­да­ры­ның тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару қажет.

Семей орманында болған өрт салдарынан қаза тапқан орман ша­руашылығы қызметкерлерінің отбасыларына кафедра ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.          

 Картография және геоинформатика

кафедрасының ұжымы