Үлкен Британика энциклопедиясына енген қазақ

19.06.2023

Көрулер: 1949

Ғұламалар алыс­таған сайын олардың ерек бітімдері ай­рық­ша асқақтай тү­седі. Отандық ма­тема­ти­каның бүгінгідей биік деңгейге жетіп, мәр­­тебесінің асқақ­тауына үлкен үлес қос­қан жан – физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым академия­сының корреспон­дент-мүшесі Төлеубай Аманов. 

Қазақ математика ғылымы­ның даму, өсіп-өркендеу тари­хы­на қатысты көп жағдай Т.Ама­нов­тың есімімен тығыз байланысты. Ір­гесін қазақ математикасының атасы – Сәдуақас Боқаев қалаған Семей математикалық мектебі Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін Т.Амановтың арқасында өзінің бұрынғы тұғырына қайта көтерілді. Тап осы кезде бастау алған Т.Амановтың ғылыми-педа­го­гикалық қызметі өңірімізде ғана емес, Отанымызда мате­ма­ти­каның жаңа салалары мен тармақтарының дамуында өзіндік айрықша қолтаңбасын қалдырды.

Соғыстан кейінгі жылдардағы қиындықтарға қарамастан, Мәс­кеу­ге барып, ТМД-ның талай ма­тематиктер буынын тәрбиелеп шыққан қос академик М.Келдыш пен А.Колмогоровтардың қатал сынынан өтіп, солардың ақ бата­сы­мен ғылыми жетекшісі Ресей ҒА академигі В.Стеклов атындағы Математика институтының белді мүшесі С.Никольский болып, 1951-53 жылдары аспирантураға қабылдануы Т.Амановтың ғылым­дағы тасының өрге домалауы еді. Бас-аяғы үш жылдың ішінде би­гор­мондық функцияның кей қа­сиеттері бойынша кандидаттық диссертациясын абыроймен қор­ғап, жаңа ғылыми идеялармен рухтанып елге оралды.

Математика барлық ғы­лым­ның падишасы болып саналса, ұстаздың қиыннан қиюын тауып, түрен салған ғылымы – «функ­циялар теориясы мен функ­цио­налдық анализ» сол математи­ка­ның негізі болып саналады. Тап осы салада «Аманов кеңістігін» ашып, өзін әлемге мойындатқан ғы­лыми ерлігі ұрпақтар сана­сын­да мәңгіге сақталады. Төлеубай Аманов математика ғылымының күрделі салалары болып есеп­те­ле­тін функциялар теориясы мен функционалдық анализді терең­дей талдап, өз тарапынан бір­та­лай өзгерістер енгізді. «Енгізілу теоремасына» ұстазы, академик Никольскиймен бірлесе ұлан-ға­йыр еңбек етіп, әлемге танылды. Осылайша көпжылғы ғылыми еңбегінің арқасында «кеңістіктің SB атты функциялық кластарының тұйық теориясын» жасаған, өзінің осы теориясының негізінде тіке­лей және керісінше енгізілу тео­ре­малары толық дәлелденіп, олар­ды интерполяциялану, нақ шек­сіз сандардан комплекстеу әдістерін ашты.

1967 жылғы Сібір сапарынан еліне мерейі өсіп, көз майын тауыс­қан ғылыми жұмысы – «Ара­лас туынды басым келетін функ­ция кластарының өзіндік қасиетін зерттеу» аса жоғары ба­ға­ланып, ғылым докторы болып қайтты. Одан бір жыл бұрынырақ болған, еліміздің есінде қалған Т.Амановқа қатысты ерекше оқи­ға: 1966 жылы дүниежүзі мате­ма­тик­терінің Мәскеуде өткен ха­лықаралық XIIІ конгресіне түркі әлемінен маңдайы жарқырап жалғыз өзі қатысуы неге тұрады!? Жиында Т.Аманов «Сыйыстыру және жалғастыру теоремалары» де­ген тақырыпта баяндама жа­сады. Енді сәл шегініс жасап, ғұ­ла­маның жолдасы А.Барлы­баев­тың айтуы бойынша, ғалымның әлем­ге танылуы, еңбегінің баға­ланып, «үш әріптің» рұқсатымен ар­найы есепшот ашып, еңбегінің игілігін көріп, АҚШ-тан ақша алып тұруы қырғиқабақ соғыс кезінде елдің түсіне кірмейтін оқиға де­сек, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Енді АҚШ-тан келген мына бір хат жолдары ғалымның әлемдік беделі қандай болғанынан сыр шертеді: «Қымбатты профессор Аманов! Америкалық математика қоғамы басылымдарының ара­сын­да сіздің ағылшын тәржіме­сін­дегі мақалаңыздың болуын өзімізге құрмет санаймыз...» – де­ген хаттар легі 1966-75 жыл­дар арасында еш толастамады. Ғалымның өзі де шетелге ғылыми сапарларға шығып, Канада, АҚШ, Батыс Алмания, Англия сияқты елдердің ЖОО-ларында теория­ла­рының, «Аманов математи­ка­сы­ның» арнайы курс болып оқы­ты­ла бастауы жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл Орта Азияның ғылыми айбынын асқақтатқан сол әміршіл-әкімшіл жүйенің ойы­­на келмеген ғажайып оқиға деуге болады. Т.Аманов – атақты Үлкен Британика энциклопедия­сына енген санаулы қазақтардың бірі.

Энциклопедиялық білімге ие ғалымды бір ғана ғылым сала­сы­на теліп қою ағаттық болар еді. Ғалым тек өз зерттеуін «ұлы ұлт» тілінде жазып, туған тілін өгей­сіт­кен жоқ, қайта тілімізде бұрын болмаған математикалық ұғым-түсініктерді ана тілімізде сөйлету­ге де, арнайы оқулықтар жазуға да белсене атсалысты. Қазақ ғы­лыми тіліне өз тарапынан бұрын ба­ламалары болмаған дербес туын­ды, дербес шек, дербес қо­сынды, іштескен кесінділер сияқ­ты талай жаңа сөздерді енгізді. Бұл Амановтың тілшілік қырын танытса, 1961 жылғы 18 сәуірде «Семей правдасына» Қажи Нұр­сұл­тановпен бірігіп жазған «Жас жанрдағы жаңа шығарма» атты көлемді мақаласы жерлесіміз, фантаст-жазушы Медеу Сәрсе­кеев­тің әдеби әлемдегі тұсауын кескен құнды туынды болды. Онда қазақ әдебиетінде кенжелеу дамыған детектив пен фантастика сияқты прозалық жанрлардың спецификалық табиғаты, автор­дың жетістігі мен кемшін тұстары жан-жақты ғылыми нақтылықпен талданды. Сыныптастарының ес­те­лігі бойынша: Аманов сол кезде жастар арасында хитқа айналған «Три танкиста» деген туындыны қазақшалаған екен. Нота тануы, ғылымнан қолы босаған кезде гитарада ойнауы, халық және классикалық туындыларды жетік білуі ғұламаның сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі болғанын таны­та­ды. Қазақтың ірі ақындары тұт­қын­далып, атылған кездегі дәуір­де жұтаңдаған Семей өңіріндегі әдебиет майданына Т.Аман­ов­тың ақын ретінде танылғанын ғұлама­ның құрдасы Рахымжан Әу­бә­кір­ов жыр қылып айтады. Әттең, Т.Амановтың бірде-бір әде­би туын­дысы сақталып қал­мапты. Оны іздестіріп тауып, жұрт­шылық назарына ұсыну бола­шақ әдебиет зерттеу­ші­ле­рінің игі ғылыми мақсаты.

Аманов мектеп қабырғасында жүргенде спорт падишасы – шах­мат­тан ересектер арасында рес­пуб­лика жеңімпазы атан­ға­нын бүгіндері екінің бірі біле бер­мейді. Үлкен ғылыми ерлігінің бі­­рі қол­дан жасалған орыс­тан­ды­ру­ға қар­сы тұрып, Семей педа­го­гикалық институтында қазақ бө­лім­дерін ашуы неге тұрады де­­се­ңізші!? 1957-58 жылдары бұ­­рын жабы­лып қалған мате­ма­ти­каны оқы­ту­дың қазақ бөлім­де­рін ашып қана қойған жоқ, қазақ тілінде сабақ беретін ғалымдар плеядасын өмірге әкеліп, қазақ білім беру саласының көсегесін көгертті.

Амановтардың математи­ка­лық династиясы қазақ ғылы­мы­ның өркендеуіне өзінің зор үлесін қосуда. Бұрын өзін шақырып келтіре алмай жүрген шетелдерде енді, міне, өз бауырынан тараған ұрпағы: Нұргүл Төлеубайқызы АҚШ-тың Сан-Диего универ­си­те­тінің профессоры болып, қазақ­тың атын аспандатып, жұмыс істеп жатқан жайы бар.

Есімі ХХ ғасырдағы қазақ зия­лыларының алдыңғы буын өкіл­де­рі: Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Тай­ма­нов, Ә.Марғұлан, А.Бектұров, Е.Бөкетов, А.Қайыпов, Ш.Есенов сияқты ғылымдармен қатар айты­латын тұлға туралы көкейімізде жүр­ген ойларды ақ қағаз бетіне түсіріп, рухына бас иеміз.

 Оралтай ЖОЛЫМБАЕВ,

Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры